©
Маңғыстау өнер колледжінің оқытушысы Бауыржан Кубенгалиев музыка әлеміне алғаш қадам басқан жастарға арнап домбыра-прима аспабына лайықталған шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Бауыржан Асқарұлы – дирижер, композитор және домбыра-примашы. Атырау қаласында дүниеге келген ол Маңғыстау өнер колледжінде сол кезде директор болған Аманбек Сүндетовтың, одан соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында профессор Ерсайын Басықараның шәкірті болып, білімін молайтқан. 2003-2005 жылдар аралығында Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің құрамында домбыра-прима тобының концертмейстері болып, тәжірибе жинақтап, абыройлы қызмет атқарған. 2005 жылдан бастап Бауыржан Кубенгалиев Маңғыстау өнер колледжіне жұмысқа кіріп, домбыра-прима, шертер класы бойынша ұстаздық етіп, көптеген өнерлі шәкірттерді тәрбиелеп келеді. Оның шәкірттері республикалық фестиваль-конкурстарда өнерін паш етіп, жұлдыздары жанып, жеңіске жетіп жүр. Облыстық филармонияда Абыл атындағы халық аспаптары оркестрінде домбыра-примашы қызметін атқарған Бауыржан Асқарұлы 100-ден астам шығармаларды халық оркестрлері мен фольклорлық ансамбльдерге арнайы лайықтап түсірген өңдеуші. Соңғы жылдары халық аспаптар оркестріне шығармалар жазып, композитор ретінде де өзін көрсетті. Оның «Мерекелік күй», «Еркем-ай», «Түбек толғауы» сынды шығармаларын әріптестері мен өнерсүйер қауым жылы қабылдап, жақсы баға берді. Алғашқы тырнақалды туындысы да музыка мектептері мен колледждерде, жоғары оқу орындарында оқитын, өнерге ғашық студенттерге, жас музыканттарға арналған репуртуар десек артық айтпағанымыз. Автордың кітабына Маңғыстау өнер колледжінің оқытушысы, ҚР Білім ісінің құрметті қызметкері, Қазақ Ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры Аманбек Сүндетов алғы сөз жазды. Ол өзінің дарынды шәкіртіне үлкен сенім білдіріп, кітапқа енгізілген шығармалар домбыра-прима аспабына сай, оқуға, ойнауға оңай етіп, лайықтап түсірілгенін айтқан. Басылымда белгілі композиторлардың, дүлдүл күйшілердің: Құрманғазының «Төремұрат», Е.Брусиловскийдің «Шашу», «Скерцо», Тәттімбеттің «Сылқылдақ», Қ.Ахмедияровтың «Қосбасар» күйлерінің домбыра-прима аспабына лайықталған үлгілері енгізілген.Ханым ОРЫНБАЙҚЫЗЫ