Суға түсу маусымының ашылуына орай Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Манарбек Мұханбетов баспасөз өкілдерімен кездесуде «Каспий теңізі жағалауында орналасқан демалыс базалары, суға түсу аймақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жайында» баяндады. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен оның құрылымдық бөлімшелерінің басты міндеті -төтенше жағдайларды хабарлау, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу және суға батып бара жатқан адамдарға көмек беру. Осы мақсатта Ақтау, Форт-Шевченко қалаларында, Құрық селосында және «Кендірлі» демалыс базасында 56 жеке құрамы, қажетті құтқару жабдықтарымен жабдықталған және 18 жүзу құралы бар 4 жедел-құтқару бөлімшесі шоғырланған. Тұрғындардың демалысы үшін жазғы суға түсу маусымында облыс аумағында 30 жағалаулық участок ( Ақтауда -20, «Кендірліде»-10 ) жұмыс жасайды. Бұлардың 3-еуі жағажай аймағы, 5-еуі-балалар лагері, 22-сі демалыс базасы. Бүгінгі таңда жаңажай аймағы, балалар лагері, демалыс базалары есебінде 18 құтқарушылар, 22 медицина қызметкері, 27 қайық, 8 айналаны бақылауға арналған мұнара, 214 түрлі құтқару құралдары бар. Суға түсу үшін қауіпті участок ретінде «Шора» су каналы, Ақтаудан Сайын Шапағатов селосы бағытына қарай 43 шақырымдық жағалау мен 15 шағын аудандағы «Айдын» кафесінен басталып, 1 шағын аудандағы «Шағала» профилактикасына дейін созылып жатқан Ақтаудың жабдықталмаған жағажай аумағы және Түпқараған мен Қарақия аудандарының 70 шақырымдық жағалау учаскелері саналады. Есепті мерзім ішінде департаменттің жедел құтқару қызметі қызметкерлері 61 апаттық –құтқару жұмысын жүргізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға артық. -Талдау көрсеткендей, төтенше жағдайлар суға түсу кезіндегі қарапайым қауіпсіздікті сақтамағандықтан, балаларды (12 жасқа дейінгі) ересектердің бақылаусыз қалдырғандығынан, балық аулауда қауіпсіздік ережелерін ескермегендіктен орын алып отыр,-деді Манарбек Хамидуллаұлы. Департамент өкілі келтірген деректерге тоқталсақ, жыл басынан бері облыс мектептерінде және облыстың оқу орындарында су қоймаларында қауіпсіздікті сақтау тақырыбында 390 оқушыны қамтыған 13 лекция өткізіліпті (2016 жылғы көрсеткіш - 75 лекция, қамтылғаны 1755 оқушы), 6 онлайн режимінде интерактивтік сабақ өткізіліп, 7008 оқушыны( 2016 жылғы көрсеткіш – 9 дәріс, қамтылғаны 11686 оқушы)қамтыған, 4 рет радиодан, осыншама теледидардан хабарлар жасалып, баспасөз беттерінде 11 мақала жарияланған. 2017 жылы қалалар мен аудандар әкімдігі жағажай аумағына суға кетіп қаза тапқан және құтқарылған адамдар жайында статистикалық мәліметтер берілген 19 билборд , сақтандыру ережелері көрсетілген 8 белгі қойды. Балалар лагерлерінде «Суға түсуде қауіпсіздік ережелерін сақтау» тақырыбында викториналар, жарыстар, конкурстар ұйымдастырылып тұрады. 2016 жылы 1671 бала жүзуді меңгерді. Биылғы жылы да бұл іс жалғаса бермек. Жыл сайын шекара қызметі және транспорттық бақылау инспекциясымен бірлесе демалыс базасы , жағажай аумағы басшыларының қатысуымен шағын көлемді кемелер, басқа да жүзу құралдарының ортақ талапқа сәйкестігін тексеру үшін бірлескен рейдтер ұйымдастырылуда. Қалалар мен аудандар әкімдігі арқылы еңбекке орналастыру орталығында есепте тұрған тұрғындарды суға түсу маусымы кезінде жұмысқа қабылдау оң нәтиже көрсетуде. 2016 жылы қоғамдық еріктілер дружинасына 32 адам алынды. Өткен жылы дружина сапындағы Ф. Пернебаев, Ю.Маметовтің қатысуымен 2 адам құтқарылды. Олар грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өткен жылы 758 профилактикалық рейд ұйымдастырылып, суды пайдаланудың жалпыға арналған ережесі тәртібін бұзған 96 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Журналистер қойған сұрақтарға жауап берген Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Манарбек Мұханбетов биыл Түпқараған ауданында екі балықшының суға кеткенінен хабардар етіп, суға түсудің қарапайым қауіпсіздік ережелеріне тоқталып өтті.
Болат ҮМБЕТОВ