©
Мемлекет басшысына жолаушылар жүрдек пойыздары қозғалысын дамыту бағдарламасының іске асырылуы жөнінде, сондай-ақ «Вокзал кешені құрылысын қамтитын Астана теміржол торабын дамыту» жобасының орындалу барысы туралы баяндалды.
Қазақстан Президенті инфрақұрылымдық нысанды аралап көру барысында ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөз сөйледі.
– Санаулы күндерден соң «ЭКСПО-2017» көрмесі ашылады. Осыған орай бүгін елорданың жаңа нысандарын аралап көрдім. Бұл жаңа құрылыстар – Астананың мақтанышы. Бүкіл Еуропа мен Азияны түгелге жуық қамтитын жаңа әуе бағдарлары пайда болуда. Жаңа нысандар бас қаламыздың жаңа келбетін айшықтайды. «Нұрлы жол» вокзалы – бірегей нысан, посткеңестік кеңістікте мұндай вокзал жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Астанадан еліміздің барлық өңіріне жоғары жылдамдықпен жеткізетін «Тальго» пойыздарының жүре бастағаны жақсы жаңалық екеніне тоқталып, инфрақұрылым және көлік саласындағы дамуымыздың қарқын ала түскенін атап өтті.
– Осының барлығы мемлекетіміздің болашағы үшін жасалуда. Бұл жобалар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жаңа терминалды іске қосу арқасында әуежайдың жолаушыларды өткізу мүмкіндігі жылына үш миллионнан сегіз миллион адам мөлшеріне дейін артады. «ЭКСПО-2017» көрмесінің барлық қонақтары Астанаға осы жаңа нысандар арқылы келеді, – деді Қазақстан Президенті.
***
Вокзал кешені – жалпы алаңы 126 мың шаршы метр болатын алты деңгейлі ғимарат. Оған пойыздарды қабылдап-жөнелтетін алты жол жалғасады. Жолаушыларды пойызға отырғызу мен түсіру үшінші қабат арқылы жүргізіледі. Вокзал жолаушылар ағынын, адамдар кезегін, қауіпсіздікті, билетті электрондық тәсілмен сату ісін басқару мен бақылаудың заманауи озық интеллектуалдық жүйелерімен жабдықталған.
Дереккөз: akorda.kz