©
Күллі мұсылман қастерлейтін мүбарак Рамазан айы қарсаңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңіріміздегі мешіттер имамдарымен кездесті. Облыс әкімі басқосуға жиналған имамдарды, еңбек ардагерлері мен этномәдени бірлестіктер өкілдерін және қоғамдық кеңес мүшелерін Ислам әлемінің ұлық мейрамымен құттықтады. - Елбасымыз халқымыздың алдына ұлттық сананы, руханиятымызды жаңғырту, өткенімізді қастерлеп, бүгінімізбен сабақтастыруды, жаңғыруға бет бұруды басты міндет етіп қойып отыр,-деді Ералы Лұқпанұлы.-Еліміздің болашағы тұрақтылығымызға байланысты. Аяқ астынан шыққан қақтығыстар соғыстарға ұласып, келешегі бұлыңғыр болып жатқан елдерді біліп отырмыз. Қаншама адамның өмірін қиған апаттар мен соғыстарды бастап, ұйымдастырып жүргендердің ешқандай дінге қатысы жоқ, бұлар—саясат қана. Мұндай тұрақсыздық кейбіреулерге керек шығар. Елде алауыздық болса, тыныштық та кетеді. Бізде, шүкір, олай емес. Бірін бірі сыртынан да көргісі келмейтін алуан түрлі діндердің өкілдері Елордамызда иық тірестіріп, бір үстел басына жиналып, ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге қатысып жүр. Мен осы қызметке келгелі екі ай болды. Осы уақыт ішінде 18 мемлекеттің өкілдерін қабылдадым. Осының өзі нені көрсетеді? Әрине, бұл—шетелдіктердің біздің еліміздің келешегіне деген сенімінің айғағы. Сенімсіз елге ешкім де өзінің қомақты қаржысын әкеліп салмас еді. Әлем үміт артып отырған тұрақты елге айналуымызға баршаңыз да елеулі үлес қосып келесіздер. Сөз кезегін алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысындағы өкіл имамы, орталық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сейтбеков барша мұсылманның құрметті айымен құттықтап, лебізін білдіріп, өңірімізде діни ахуалдың тұрақты екендігін баяндады. Бүгінде облыс бойынша жұмыс істеп тұрған 28 мешітте 66 діни қызметкер бар. Олардың он алтысы діни жоғары, он сегізі медресе бітірген арнаулы орта білімді. Діни қызметкерлердің барлығы жыл сайын арнаулы курстарда оқып, білімін жетілдіріп тұрады. Үстіміздегі жылы Нұр-Мүбарак университетін бітірген 13 діни маман Маңғыстауға келіп, дін жолында қызмет етпек. -Күнделкті парыз амалдардан кейінгі бірінші орында қайырымдылық тұр десек, өңіріміздің құлшылық орындарында бұл іс те үздіксіз атқарылуда. Тұрмысы төмен отбасылар мен жетім-жесірлерге жәрдемдесіп келе жатқан діндарлар су тасқынына тап болған қандастарымызға көмек қолын созып, миллиондаған қаржы жинады. Еліміздің Бас мүфтиі Ержан Мямеровтен аймақтардағы мешіттерден түскен қаржыға су апатына тап болған бір отбасыға екі бөлмелі пәтер сатып алып бергені туралы қуанышты хабар естіп отырмыз,-деді өкіл имам. Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсен Қосниязов әкімге ризашылық білдіріп, ұсыныс-тілегін жеткізді. Өңір басшысы ұсыныстардың орынды екенін ескеріп, мешіттерге және жоғары оқу орнын бітіріп келе жатқан дін қызметкерлеріне көмектесетінін айтты.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ