Өзін мұсылман санайтын әр адам үшін ең қасиетті де мейірімге толы ерекше қуанышты ай, бүкіл айлардың сұлтаны Рамазан келіп жетті. Күллі мұсылман ораза ұстап, құлшылықпен өткізетін және барлық игі амал еселенген сауаптарымен қабылданатын бұл ай биыл мамыр айының 27-де кірді. Өткен жылдардағыдай, биыл да ораза 29 күн болады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңіріміздегі өкіл имамы, орталық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сейтбеков Маңғыстау облысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Смайл Сүйерқұлұлы бірнеше жыл қатарынан оразаның 30 емес, 29 күн болуының себебін түсіндірді. Яғни, айдың тууына байланысты ай күнтізбесі бойынша кейде алты жыл қатарынан 29 күн, алты жыл қатарынан 30 күн болып келеді. Біз қазір 29 күн болатын алты жылдық ішіндеміз. Сондай-ақ өкіл имам ораза ұстаудың тәртібі, кімдердің ауыз бекітуі парыз екендігі және кімдердің оразадан босатылатыны туралы кеңінен әңгімеледі. Рамазан айы тек ораза тұтумен ғана шектелмейтінін айтқан ол қайырымдылық шараларының жалғаса беретінін жеткізді. -Биыл да жылдағыдай, облыстық орталық және Ақтау қалалық мешіттерінде күніне 100-150 адамға ауызашар беріледі. Өзге қалалық және аудандық мешіттерде де мүмкіндігіне қарай ауызашар беріледі. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Аузы берік жанды ауыз ашарға шақырып, тамақ берген адам ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан еш нәрсе кемімейді» деген хадисі бар (Тирмизи жеткізген). Сондықтан ораза ұстап жүргендерге мешітте ауызашар ұйымдастырғысы келетіндер болса, есігіміз ашық,-деген С.Сейтбеков бір бетінде ораза ережесі жазылған ораза кестесі жамағатқа жеткілікті мөлшерде шығарылып, таратылып жатқанынан хабардар етті.-Ел басына қандай күн туса да біріне бірі қамқор болып, қиыншылықты бірге бөлісіп келе жатқан мұсылман халқымыз қайырымды істен ешқашан тиылған емес. Ал Рамазан айында жасалған қайырлы іс пен құлшылықтың сауабы жай күндердегіден бірнеше есе көп болатындықтан игі істерімізді молайта түсейік.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА