25 мамыр алтын ұя - білім ордалары сыңғыр қоңырау күмбіріне, бал-бұл жанған балауса жүздерге, қимас сезім, сары ала сағыныш тұнған тәтті естелікке толы. Себебі он бір жыл бойы білім нәрін өн бойына сіңірген, ізгі тәлім-тәрбие, өрелі өсиет-өнеге нұрын сімірген жас ұрпақ беделі биік білім ордаларымен қош айтысты. Көкжиекпен ұштасқан көк теңіз толқынындай көңілі өрекпіген, көзіне жас тұнған өрімталдар өнерін паш етіп, «Соңғы қоңырауды» әуезді ән, әсем сазбен тербейді. Кеше №21 оқу ордасында осындай бір көңілді шараның куәсі болдым. Ақ бантикті, қос өрімді, сұңғақ бойлы, көктемде бүр жарған жасыл жапырақтай балауса, жайраң қаққан жас түлектер көк лентаны бірегей тағып, көркі асып тұр. Үлкен өмір жолын ізгі арман, зор мақсат, алпауыт жоспармен ұштастырған, көкірегінде ерек сезім гүлі бүр атып, қиялына қанат біткен жас өскіндер болашаққа зор үміт, селкеусіз сеніммен қарайды. Қобалжу мен қуаныш сезімі бойын қатар кернеп, бал дәурен балдырған кез бен ес біліп, оң-солын таныған жастық дәуреннің куәгерлері, бір партаны бөлісіп, бір кітапты екеулеп оқыған құрбы-құрдастарына, мейірім нұрына бөлеген, білім биігіне бастаған мейірбан, қамқор ұстаздарына деген қимастық сезім билейді. Мәртебесі биік, зор құрметке әркез лайық ұстаздар қауымы да қолына алғаш қалам ұстатып, үлкен өмір жолына жетелеген, кешегі балдырған, бүгінгі бойжеткен-бозбала шәкірттеріне ақ жол тілеп, жылы лебізін білдірді. Жақсылық пен ізгілік, сәттілік пен табысты тілесті. «Алдарыңнан ақ күн тусын! Қызыр ата жолдастарың болсын! Сәттілік серік етсін! Арман-мұраттарыңыз әркез орындалсын! Ақ жол!» десіп, пәк пейіл, ақ ниетпен ақжарма алғысын жаудырды. Биыл №21 оқу ордасын үш сыныптың түлектері тәмамдады. Дәмеш Дүйімбаева, Мейрамгүл Байталасова, Ұлмекен Имаммединова есімді ұстаздар игі еңбектің жемісінен дәм татып, жас түлектерін үлкен өмірге аттандырды. Бұл күні ұстаздармен қоса, ұл-қызын мәпелеп, аялап бой жеткізген ақ жаулықты аналардың, асқар тау әкелердің қуанышы қойнына сыймай, мәз-мейрам болысты. Балаларының ертеңіне ерекше үміт артып, ілгері озуын тілеген, жамандыққа қимай, жеңісіне қуанған ардақты жандар «Соңғы қоңырау» мерекелік жинына белсенді атсалысты. Ата-аналар қауымы тәжірибелі мамандарға зор алғыс білдіріп, жас түлектер тарапынан су жаңа принтер құрылғысын ұстаздар ұжымына сыйға табыстады. Мерекелік шара ән мен жыр шашуына ұласты. Жас өнерпаздар ән шырқап, мың бұрала би билеп, қимастық сезім мұңын сейілтіп, көтеріңкі, жайдары көңіл-күй сыйлады. Оқу-білімге деген сүйіспеншілік, терең ізденіске талпыныспен қоса түлектер өнерге деген ерек ықыласымен танылды. Әзіл-қалжыңға толы, мектеп өмірін бәр сәт көз алдыңа жүгіртер қойылымдар көрермен қауымды күлкіге қарық қылды. Жарасымды жұп құрып, айдында жүзген қос аққудай ырғала тербелген бишілер тобы да қошеметке көмілді. Пәк махаббат, адал достық, шынайы сезім, сызатсыз сыйластық туралы, аяулы ана, ардақты әке, ұлағатты ұстаз жөнінде көркем сөз туындылары оқылып, әдебиет әлеміне сүңгітті. Әсерлі әрі әуезді әндер жан-жүректі тербеп, бір сәт көзге жас үйірілді. «Соңғы қоңырау» соғу құрметі биылғы жас түлек, «Алтын белгіге» үміткер Диана Кулболдинаға берілді. «Соңғы қоңырау» сыңғыры балалық шақпен қоштасу, үлкен өмір жолына қадам басу белгісіндей. «Қош бол енді, мектебім менің, сенде оқып, сенде көктедім, қоштасар сәтті алтын ұяңмен, байқамай қалдым келіп жеткенін» деп әндеткен жас түлек - жас өркендер білім кілтін ізбасар бүлдіршіндерге табыстады. Ұжымның сыйлы ардагер-ұстаздары Айжан Керелбаева сынды апайлар жас түлектердің алдағы сыннан сүрінбей өтуіне тілектестігін білдірді. Мерекелік жиынның ең ерек қонақтары №21 орта мектепті 1997 жылы тәмамдаған түлектер еді. Сәуле Сансызбайқызы мен Орынша Ғұмырқызының тәлім-тәрбиесін көрген, қанша жыл өтсе де білікті, білімді ұстаздарын естен шығармай, жадында сақтаған өнегелі шәкірттер ізгі тілегін білдірді. Алтын ұяңнан қияға қанат қаққан жас түлек! Терең білім, зор ізденіс жемісін көрер сәт туды. Сын-сынақтан сүрінбей өтіп, ойыңдағы мұрат-мақсатың орындалсын! Ақ жол!
Голрох ЖЕМЕНЕЙ