Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Мұнайлы ауданына сапары кезінде аймақ басшысының қатаң сынына іліккен Маңғыстау теміржол вокзалында елеулі өзгерістер орын алуда. Өткен айдың басынан вокзал ғимараты Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі филиалынан Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің еншісіне өтті. Соның ізінше вокзалды жаңғырту жұмыстары да басталды. - Бұдан былай теміржол вокзалынан билет алатын немесе вокзал арқылы перронға шығатын, перроннан ғимаратқа кіретін адамдар қауіпсіздікті тексеру құрылғысынан өткізіледі. Бақылау аппараты вокзалдың алдыңғы және артқы есіктеріне орнатылып, 1 маусымнан іске қосылады. Қазір нысанның іші және сыртына әрлеу, кішігірім жөндеу жұмыстары жасалуда. Екі күту залы жекеменшік нысандардан босатылды. Ғимараттың сыртқы жарық сымдары жаңартылып, Экспо көрмесінің баннерлері ілінді. Күту залының аумағы бұған дейін 168,7 шаршы метр болатын. Енді тағы 118 шаршы метрге ұлғайды, жалпы 286,7 шаршы метрді құрады. Осыған дейін онда 5 жеке касса мен 2 газет-жұрнал дүңгіршегі орналасқан-ды. 1 мамырға аталған кәсіпкерлермен арадағы келісімшарт аяқталып, 8 мамырдан қажет кеңейту, жөндеу жұмыстары басталды. Құрылғыны "Транстелеком" мекемесі қондырады,-дейді вокзал басшысы Айгүл Әмірова. Оның мәліметінше, қауіпсіздікті қадағалаушы құрылғы қолданысқа енгізілген күннен бастап мұндағы бақылап-тексеру жұмысы "Әскерилендірілген темір жол күзеті" АҚ Маңғыстау станциясындағы атқыштар командасының күзетшілеріне жүктелетін болады. Мекеме қазір өз мамандарын оқытып, дайындап жатқан көрінеді. Алда тағы қандай жаңалықтар күтілуде, оны "Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі" филиалы басшысының өндіріс бойынша орынбасары Аслан Назаров айтып берді. - "Маңғыстау вокзалын балансымызға алғанда ондағы жағдай мәз емес еді. Сондықтан филиал басшысы Мұхтар Бақтыгереевтің бастамашылығымен тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Маңғыстау өңіріндегі ең басты станциялар - Маңғыстау және Бейнеу станциялары. Аймаққа теміржолмен келетін жұрт алдымен сол вокзалдардың жүзін көреді емес пе? Қазір осы аталған вокзалдарға терроризмге қарсы қауіпсіздікті күшейту мақсатында қадағалаушы құрылғыны орнатудамыз. Келесі жылы вокзал ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуді жоспарладық. Күрделі жөндеуге қажет қаражат есептеліп, сметалық құжаттары дайындалуда. Жергілікті әкімдіктермен бірлесе жұмыстанатын боламыз. Сондай-ақ Маңғыстау вокзалын үлкейту жөнінде де ұсыныстар берілді. Күніне бұл жерге 2-3 мыңның үстінде жолаушы келіп-кетеді. Экспоға байланысты тағы да арта түспек. Сондықтан ғимаратын үлкейтпейінше жан-жағын қоршап, адамдарды тек қана вокзалдан қадағалап өткізе алмаймыз. Нысанның сыйымдылығы бұған тарлық етеді. Әзірге тек вокзалға кірген жолаушылар ғана тексеріледі. Бұдан бөлек жолаушыларға жағымды жағдай туғызу мақсатында да жұмыстанудамыз. Нысанның жан-жағы көгалдандырылып, сыртта күткен халық үшін де орындықтар орнатылады. Перрондарды жөндеу жағы да ойластырылуда,-дейді А.Назаров.
Шахида Жұман