Маңғыстау облыстық стоматология орталығы заманауи стоматологиялық құрылғы сатып алды. Польшалық «SANDMAN™ Futura» деп аталатын құрылғы балаларда көп кездесетін тіс жегіні ауыртпай емдеу үшін пайдаланылады. - Көбінесе стоматолог-дәрігерлерге келген балалар жылап, мазасызданатыны белгілі. Дәрі егетін болсақ, оны да салдыртпай, дәрігерлерді де, ата-ананы да біраз әбігерге түсіреді. Енді оның тиімді әрі оңай жолы табылды десек те болады. Тісті ауыртпай, қауіпсіз емдеу-заманауи SANDMAN™ Futura аппаратының пайда болуымен мүмкін болып отыр. Бұл құрылғы барлық жағынан тиімді. Стоматологтар үшін мейлінше тез ем-шара жүргізуге және шағымдарды болдырмауға негізделген, әсіресе балалардың қорқыныш сезімдерін басып, дәрігерге ата-анасының да баланың да сенімін қамтамасыз етеді. SANDMAN™ Futura-ны пайдаланып емдеу ауыртпайды, анестезия жүргізудің қажеттігі болмайды. Құрылғы әсіресе балалар арасында көп кездесетін тісжегіні ешқандай екпесіз емдейді. Сәуір айынан бастап замануи құрылғымен дәрігерлер жұмыс жасап жатыр. Құрылғыны пайдалану үшін мамандарымыз арнайы оқытылды. Жаңа жабдығымыз ақылы кабинетке орнатылды. Алдағы уақытта олардың қатарын 5 құрылғымен көбейту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс айттық. Оларды ақысыз кабинеттерге орнатқымыз келеді,-деген Маңғыстау облыстық стоматология орталығының директоры Қуат Машырықов бір құрылғыны сатып алу, орнату-1 млн 800 мың теңге қаражатты қажет ететіндігін айтты. Стоматолог-дәрігер Валентина Маракаева жаңа құрылғымен жұмыс жасау үшін арнайы оқыту курсынан өткен. Заманауи құрылғының ерекшеліктерін атап өткен дәрігер балалар арасында тіс жегінің көбеюі жүкті әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарауының салдарынан орын алатындығын жеткізді. - Балалар арасында тіс жегінің көбеюі жүкті әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарауының салдарынан орын алуда. Жүктілік кезінде ағзасына кальций жетіспеуінің соңы баланың дүниеге келгеннен кейінгі денсаулығына кері әсер етеді. Кальцийді бала ағзасы өз деңгейінде алмағандықтан, тістің дамып-жетілуінде қиындықтар болады. Балалардағы дертті дәрігерлерге анықтау оңайға соқпайды. Себебі, балалар кішкентай болғандықтан шағымын жеткізе алмайды. Оның үстіне, олардың медициналық тексерістен қорқатыны тағы бар. Сондықтан да жаңа құрылғы біздің таптырмас көмекшіміз болып тұр. Біздің кабинетте 2 стоматолог-дәрігер ауысыммен жұмыс істейді. 17 сәуірден бастап мен кезекшілігімде 5 баланы жаңа құрылғымен емдедім. Бұл құрылғымен жұмыс жасау өте жеңіл әрі ыңғайлы,-дейді Валентина Маракаева. Айта кету керек бүгінде аймақта 71 жекеменшік және 8 мемлекеттік стоматологиялық кабинеттер жұмыс жасайды. Өткен жылы облыстық стоматология орталығы 6 жас маманмен толыққан болатын.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген автор