©
Табиғат мың құбылып, жүз түрленіп тұрады. Тылсымға толы. Табиғи құбылыстарды алдын ала болжап, дөп басып айту қиын. «Жұт жеті ағайынды» дейді халық. Апат айтпай келеді. Кез келген уақытта толассыз нөсер селге ұласып, қалың түскен қар көшкінге айналуы ықтимал. Жойқын жел дауыл тудырып, дүлей боран әлекке салуы да мүмкін. Сол себепті, төтеннен төнген табиғи қауіптен қорғанып, апаттың алдын алуға атсалысуымыз керек. Осы орайда, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен БҰҰ Балалар қоры мен ҚР ІІМ ТЖ комитетімен бірлесе табиғи апаттар алдын алу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, жуырда өткен семинар-кеңесте өңірде орын алуы ықтимал табиғи қауіп-қатерге талдау жасау мақсатында жүргізілген сауалнама қорытындысы талқыланды. Басқосуғаь облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева қатысып, аталған шараның мән-маңызына тоқталды. «2014 жылы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесе «Маңғыстау облысының тұрақты даму және әлеуметтік-экономикалық жаңғырудағы мүмкіндіктерін кеңейту» атты бірлескен жоба бастау алды. Аталған жоба аясында «Апаттар тәуекелін талдау нәтижелері: қорытындылар мен ұсынымдар» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтуде. Эксперт-мамандар құрамы зерттеу жұмыстарын толықтай саралап, таныстырады»,-деді Б.Нұрғазиева. Алдымен, ҚР БҰҰ балалар қорының балалар өмірі бойынша бағдарлама үйлестіруішісі Анна Стативкина апаттар тәуекеліне талдау жүргізудің мақсаты мен міндетіне тоқталды. «БҰҰ Даму бағдарламасы аясында бірнеше бағытта жұмыстар атқарылды. Алдымен, жастар мен жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу бойынша зерттеу жүргізілді. Орта және арнаулы орта оқу орындарының шәкірттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзіне-өзі қол жұмсауға бейім жастарға көмек көрсетілді. Екінші бағыт – балалар құқығын қорғау. Маңғыстау өңірінде бұл бағытта «Мейірім» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Балаларға зорлық-зомбылық, қоқан-лоқы, қатігездік танытқан жағдайлар анықталып, зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға үй жағдайында медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша біршама іс атқарылды. Маңғыстау облысы бойынша 7 мектеп, 3 балабақша БҰҰ Даму бағдарламасының пилоттық білім беру жобасына қатысты. Қараша айынан бері Шығыс Қазақстан облысында апат тәуекелін анықтау жобасы бастау алды. Әрбір облыс пен аудан аумағының қауіпсіздік паспорты жасақталатының белгілі жайт. Дегенмен, біздің жобаның өзіндік ерекшеліктері бар. Балалардың көзқарасы, ой-пікірі басты назарға алынды. Оларға қандай табиғи қауіп-қатер төніп тұрғандығы жөнінде сауалнама жүргізілді. Нәтижелері өте қызықты.»,-дейді А.Стативкина. БҰҰ балалар қорныңы Аймақтық кеңесінің ТЖ және апаттар тәуекелін төмендету бойынша маманы Татьяна Тен Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ аймағындағы ықтимал апаттарға талдау жүргізу негіздерінен хабардар етті. Балаларды табиғи апаттардан қорғау, өмір қауіпсіздігін сақтау, қауіп-қатерлердің алдын-алу бойынша өзге ел тәжірибесімен бөлісті. Апат тәуекелін анықтау жобасы Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Әзірбайжан елдерінде жүзеге асырылуда. «Былтыр Алматы қаласында табиғи апаттар тәуекелін анықтау бойынша мамандардың қатысуымен аймақтық семинар өтті. Апат тәуекелін анықтау барысы, дайындық жұмыстары, ерекшеліктері мен мүмкіндіктері сөз болды. Кез келген өңірде алдымен облыс әкімдігінің жанынан жұмыс тобы құрылады. Түрлі тренингтер мен басқосулар ұйымдастырылады. Облыстық деңгейде жүзеге асатын жоба турасында БАҚ арқылы халықты хабарландыру қажет. Зерттеу нәтижелері талқыланып, қорытынды турасында ақпарат қолжетімді болуы тиіс. Әрі нәтижелер өңірдің даму бағдарламасына кіріктіріліп, нақты ұсынымдар айтылады»,-деді Т.Тень. Басқосу соңында Маңғыстау облысы аумағында жүргізілген апаттар тәуекеліне талдау жүргізу әдістемелері, Ақтау қаласы мен Маңғыстау ауданындағы апаттар тәуекелін талдау нәтижелері сөз болды. Мәселен, Маңғыстау ауданы бойынша әлсіздігі ең көп аумақ Жармыш , әлсіздігі ең аз аумақ Ақшымырау ауылы болып шықты. Сауалнамаға 516 адам қатысқан, басым бөлігі – балалар. Сіздің елді мекен үшін соңғы бес жылда қандай табиғи апат тән сауалына өңір халқы шаңды дауыл, аптап ыстық пен нөсерлі жауынды атап көрсеткен екен. Бұл туралы «ЗУБР» консалтинг-орталығының директоры, БҰҰ балалар қоры сарапшысы Виталий Кулик мәлімдеді.Голрох Жеменей