Ақмаржан Ақтау шаһарында мұз айдынын салу бірнеше жылдан бері сөз жүзінде айтылғанымен, іс жүзінде ойға аспаған жобалардың бірі еді. Жасампаз жобаны жүзеге асыру сәті енді түскен сыңайлы. Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өңір басшысы Ералы Тоғжанов “H+H TECHNIKA” халықаралық құрылыс компаниясының бір топ өкілдерімен кездесті. Компания Кәрі құрлық елдеріне сапалы құрылыс тауарларын өндірумен айналысады. Сонымен қоса, Ресей және Еуропаның бірқатар елдерінде мұз сарайлары құрылысын жүргізген. «Мұз сарайын» салу үшін Ақтау қаласының 32 шағын ауданынан жер бөлінді. Зәулім ғимарат қаланың солтүстік тұсынан орын тебеді. Жаңа заман талабына сай құрал-жабдықтармен жан-жақты жарақтандырылған екі қабатты кешен бірнеше бағытта жұмыс істейтін болады. «Мұз сарайы» құрылысы жөнінде келіссөздер біршама уақыт бұрын басталған болатын. Әуелі жай ғана стадион салу көзделді. Дегенмен, өзара кеңесе келе «Мұз сарайын» салу шешіміне тоқталдық. «Мұз сарайы» балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің базасына айналады. Соның ішінде өңірде хоккей спортын дамытуға зор мүмкіндік береді. Шетелдік білікті бапкерлермен бірлесе жұмыс жасау, арнайы шақырту ойда бар. Жаңа спорт сарайы көпфункционалды кешен рөлін атқарады. Қысқы спорттық ойындар бойынша түрлі деңгейдегі турнирлер мен жарыстарды ұйымдастыру мүмкін болмақ. Ең үздік тәсілмен төселген мұз айдыны сапасымен ерекшеленеді. Сонымен қоса, мұз айдыны бетіне төселетін арнайы панелдер арқылы мини футбол, воллейбол, теннис, көркем гимнастика ойындарын ойнауға, халықаралық конференциялар мен көрмелер ұйымдастыруға ыңғайлы алаңға айналмақ. Спорт сарайында фитнес-орталықтар, көңіл көтеру орындары, кафелер мен ресторандар, спорттық тауарлар дүкендері орналаспақ. Компания тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірлесе құрылыс жұмысын жүргізуге қажетті құжаттар толықтай жинақталды. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын»,-деп атап өтті “H+H TECHNIKA” компаниясының директоры Сергей Матвиенко. Зәулім мұз сарайында 2500 көрерменге арналған орын бар. Жоба құны 4 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрайды. ҚР «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңы аясында және чехиялық мемлекеттік экспорттық Банк талаптарына сәйкес 30 пайызы мемлекет, 70 пайызы инвестор тарапынан қаржыландырылады. Халықаралық кәсіпорын жергілікті құрылыс және жобалау компанияларымен бірлесе жұмыс істейді. Құрылыс мерзімі 18 айға созылады. Спорттық нысан құрылысы аяқталысымен әкімдік құзырына тапсырылады, басқару тізгіні чех компаниясына беріледі. «Жаңа жобаға экспорттық Банк және Мемлекеттік сақтандыру компаниясы қаржылай қолдау көрсетеді. Сонымен қоса «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен өзара келісім жасасады. Барлық инвестияциялық шығындар келісім жүзінде өтеледі. Маңғыстау өңірінен құрылыс барысына бас-көз болып, бақылау жасайтын арнайы өкіл бекітілсе деген өтіншіміз бар»,-деді кәсіпкер Сергей Матвиенко. Басқосуда, Ақтау қаласының әкімі әрі облыс басшысының орынбасарлары жобаның мән-маңызы, ескерер тұстарына тоқталды. Өңір басшысы ресми іс-құжаттардың толықтай дайындығы мен қолданыстағы заңдылықтардың қатаң сақталуына, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне аса мән берілуі тиіс екендігін баса айтты. Әрі жобаның ерекшеліктері мен артықшылықтарына тоқталып, жеке өзі ұдайы бақылауға алатындығын жеткізді. «Облыс халқы үшін бұл өте маңызды жоба болмақ. Себебі, жастар әрі жасөспірімдермен қоса балабақша бүлдіршіндерін хоккей спортына баулуға мүмкіндік туады. Спорттық үйірмелерге қолжетімді баға белгіленеді. Бір сөзбен түйіндесек, бұқаралық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін береді. Ең бастысы білікті бапкерлер құрамы толығады. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытын тиімді пайдалануға, спортпен тұрақты шұғылдануға баулу өте маңызды. Дені сау, шымыр әрі ширақ, зиянды әдеттерден аулақ жастарды тәрбиелеп шығамыз»,-дейді компания өкілі Сергей Пахомов.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ