©
Облыс орталығында 16-17 мамыр күндері дәстүрлі түрде тоғызыншы рет дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир жалауын желбіретеді. Байрақты бәсекенің салтанатты ашылуы 16 мамыр күні сағат 12:00-де 1 шағынаудандағы «Теннис орталығында» өтеді. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен спортшылар мен Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Ресей мемлекеттерінен 2002-2004 және 2005-2007 жылы туған 600-ге жуық балуандар қатысады деп күтілуде. Бұл жайында облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен пресс-конференцияда айтылды. - 16-17 мамыр күндері өтетін халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирінде облыс намысын 67 ұл мен 25 қыз бала қорғайды. Халықаралық деңгейде өткізілетін турнирдің басты мақсаты-көршілес елдердің өзара ынтымағы мен қарым-қатынасын нығайтып, спортшылардың біліктілігін шыңдау. Бұл турнир алғашында республикалық, халықаралық деңгейде Шетпеде өткізілді. Кейін облыс орталығы Ақтау қаласында ұйымдастыруды қолға алдық. Жыл санап жарысымыз географиялық тұрғыдан ауқымы кеңейіп, қатысатын мемлекеттердің, спортшылардың қатары көбейіп келеді. Бұған дейінгі турнирлерде біздің облыстың балуандары командалық есепте жақсы көрсеткіш көрсетіп, үмітімізді ақтады. Бұл жолы да жерлестеріміз намысты қолдан бермейді деп сенеміз. Осы кезге дейін біз турнирімізді жастар немесе үлкен жасөспірімдер арасында ұйымдастырсақ, бұл жолғы ерекшелігі-жарысымыз кіші жасөспірімдер арасында өтеді. Кіші жөсөспірімдерді алдағы уақытта өтетін Олимпиада, Азия ойындарына қатысуына баулу бағытында десе де болады. Аталмыш жарыстан топ жарып, 1,2,3 орынды иеленген жеңімпаз балуандарға «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ беріледі,-дейді облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов. Пресс-конференцияда ҚР-да дзюдо күресінің дамуына үлес қосқан Сергей Волобуев, Берік Жетпісбаев «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медальімен және «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» медальімен Ақерке Алиева, «Халықтар достығы» медальімен Әзірбайжаннан келген команда жетекшісі Заур Бабаев марапатталады.Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Ақерке Гагаринқызы