©
633 100 халқы бар Маңғыстау өлкесінің экономикалық тұрмысы қаншалықты деңгейде? Энергия ресурстарын тиімді пайдаланатын жаңа жобалар өлкеміздің экономикалық әлеуетін арттыруы мүмкін бе? Су тұшыту, «ақылды» жарықтандыру, электр қуатына деген тапшылықты жою, көліктік-логистикалық салаларды дамытуда инвестиция тартудың маңызы қандай? Ақтауда осы мәселелер төңірегінде Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен халықаралық банктер мен инвестор компаниялардың өкілдерімен дөңгелек үстел өтті. «Халықаралық Қаржы институттарының Маңғыстау облысындағы даму мүмкіндіктері» тақырыбында өткен бұл жиында бірқатар инвестициялық жобалар талқыланды. Алғаш сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов жиынның маңыздылығын атап өтті. - Әсіресе, облыстағы су тұшыту мәселесі ең өзекті болып отыр. Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету инвестиция тарту арқылы өз шешімін табады деп ойлаймын, - дейді Ералы Тоғжанов. - Теңіз суын тұшыту бойынша шетелдік инвесторлардың нақты ұсыныстары мен жобаларының мерзімдері қазірдің өзінде бар. Жыл сайынғы халықтың өсімі (шамамен жылына 20 мың адам, яғни 4 %), индустриалдық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың белсенді жүзеге асырылуы жылдан жылға тапшылықтың ұлғаюына алып келуде және болжамдық есептеулер бойынша, аймақтың даму қарқынын ескере отырып, 2020 жылға дейін тәулігіне ол 70 мың кубқа жетеді, - дейді Ералы Тоғжанов. Қаржы институттары өкілдері Маңғыстау экономикасына инвестиция тартудың жаңа жобаларын қызығушылықпен талқылады. Ал кездесудің негізгі мақсаты – туризм, әлеуметтік сала, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, қалдықтарды басқару, әлеуметтік фермерлік, энергияны үнемдеу және жаңғырмалы энергия көздерін келешекте дамытудың негізгі бағыттарын, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қаржы институттарын тарту мәселелерін талқылау. Егер жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылған жағдайда коммуналдық шығын 30-40 пайызға төмендейді. Сондай-ақ, заманауи құрылғылар қоршаған ортаның ластанбауына оң әсер етеді. Бұл тұрғыда ҚР-дағы БҰҰДБ энергиялық тиімділік бойынша жобалардың үйлестірушісі А.Белый өз пікірін айтты: - Біз Қазақстанның барлық өңірлерімен, соның ішінде Маңғыстаумен тығыз байланыстамыз. Тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында жылумен, сумен қамтамасыз ету мәселелеріне аса мән береміз. Ақтаудың бірнеше ғимаратында, соның ішінде кейбір мектептерде, тұрғын үйлерде «ақылды жылыту», құбырлар станциясы, «ақылды» жарықтандыру, энергиямен тиімді жарықтандыру құрылғылары орнатылды. Бұл тек тұтынушыларға ғана емес, қоршаған ортаның ластанбауына, айналаға зиянды қалдықтар шығармауғы ықпал етеді. Өңірдегі инвестициялық жобалардың өзектілігіне аса қызығушылықпен қараған қонақтың бірі – Қазақстандағы ДБ тұрақты өкілі Ато Браун. Оның айтуынша, Маңғыстау өлкесі – Қазақстан экономикасымен тығыз байланыстыратын негізгі қақпа. «Өздеріңіз білетіндей, Дүниежүзілік банк қазіргі таңда 3 миллиардтан астам қаржы құйып, жолға қатысты жобаларын жүзеге асыруда. Қазақстан Үкіметі тарапынан бұл жоба қолдау тапса, біз осы өңірде көліктік-логистикалық, жолға қатысты жобаларды дамытуға өз үлесімізді қосатын боламыз», - деп сенім білдірді ол. - Өңірге келгеннен кейін, Маңғыстаудың инвестициялық потенциалын зерттей келе, шағын және орта бизнеспен біріге отырып біз қандай жобаларды жүзеге асыра аламыз деген сауал тұрды. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда біз 5 миллион еуроға дейінгі қаржыны құя аламыз. Қазір девальвациядан кейін 5 миллион еуро ауқымды қаржы деп ойлаймын. Финдік технологияларды әкеле отырып, облыс ішінде, көршілес облыстарға қажет жаңа тауарлар шығаруға дайынбыз. Біз Маңғыстаудан транзиттік-логистикалық потенциалды көргеннен соң келіп отырмыз. Бұған дейін Алматы, Астана қалаларында осы жобаларды жүзеге асырдық, ал Батыс өңірлеріне негізгі қақпа ретін Маңғыстаудан бастауымыз өңірдің экономикалық әлеуеті жоғары екендігін көрсетеді. Өйткені Маңғыстау арқылы Иран, Әзірбайжан, Түркия елдеріне шығу – біз үшін қызық. Шағын және орта бизнес өкілдерінің қандай қажеттіліктері бар, қандай технологиялар қажет, қандай тауар шығарғысы келеді, қандай зауыт салуды көздеп отыр – міне, осы мәселелерді біз зерттеу үстіндеміз, - дейді «ФИН БИЗНЕС ХАБ» компаниясының директоры Мұхтар Манкеев. Дөңгелек үстел шеңберінде Маңғыстау облысының өндірістік алаңдарына бару ұйымдастырылды. Онда қонақтар аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты. Бұл туралы АДБ өкілдігінің басшысы Джиованни Капанелли былай дейді: - Мен Маңғыстау облысына алғаш рет келіп отырмын. Маңғыстау өңіріндегі біз қаржыландырып жатқан нысандарды аралап шықтық, бізге қатты ұнады. Дөңгелек үстел барысында өте қызықты әрі тиімді, экономикалық тұрғыда маңызды жобаларды көрдік. Болашағы зор мұндай аймаққа біз енді жиі келіп, тың жобаларды жүзеге асыратын боламыз. Бұлардың барлығын талдап, зерттеуге біраз уақыт жұмсалары анық. Қазір біздің екі жобамыз бар. Біріншісі—Маңғыстауда базалық медицинаны, емханаларды ГЧП механизмі бойынша дамыту. Ал екінші жоба тікелей коммуналдық шаруашылыққа байланысты. Бұл—су, суды тұзсыздандыру үшін қажетті энергиямен қамту. Сондай-ақ бізге туризм және агроөнеркәсіп саласында да ұсыныстар бар. Біз осы жобалармен жұмыс істейміз, алайда, кәсіпкерлік пен жергілікті бизнестің де қатар дамып, біздің жобаларымызды және арнайы экономикалық аймақтың дамуына септігі тигенін қалар едім. Еуропалық қайта құру және даму банкі инфрақұрылым департаментінің жетекші банкирі Бахтиер Файзиев: - Шағын және орта бизнесті дамыту – Қазақстандағы Еуропалық одақты қайта құру және даму банкінің негізгі қызмет түрлерінің бірі. Біз Маңғыстауда муниципиальды экономикалық инфрақұрылым секторын бойынша 2009 жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Бүкіл Қазақстандағы сияқты, Маңғыстаудың даму мәселесіне қатысты жайттың барлығы бізді қызықтырады. Қазақстандағы Еуропалық банктың даму стратегиясы сәйкес келетіндіктен, осы өңірде жүзеге асырылып жатқан жобаларымыз негізінен Ақтаудың сумен қамту және кәріз суы жүйелерін жаңғыртуға бағытталған. Жылумен қамту жобасы іске асыру сатысында тұр. Ал су тұшыту бойынша атқарылатын шаралар кәсіпорындар жұмысын да, тұрғындар жағдайын да жақсартуға мүмкіндік береді. Келешекте бизнес, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар сияқты басқа салалар бойынша да жұмыс істеуге дайынбыз. «Бізді, қай тараптан болмасын, өзгерістер күтіп тұр: бірінші – инвестициялық климаттың өзгерісі. Бұл инвесторлармен жұмыста көрініс табады. Екінші – инвестициялық климаттың басымдылықтарындағы үшінші жаңғырту бағдарламасына сәйкес келетін өзгерістер. Маңғыстау облысы тұрақты дамуға бағыт алды,- деді «Қазақстан – 2050» Қоғамдық қозғалыс кеңесінің мүшесі Айдар Махамбет. Халықаралық климатты қорғау күнімен тұспа-тұс келген бұл жиыннан үлкен өзгерістер күтілуде. Дөңгелек үстел аясында бірқатар мәселелер қаралып, жаңа жобалар таныстырылды. Өңірге келген Қаржы институттары Маңғыстауды Қазақстанға ашатын қақпа ретінде таниды. Сондай-ақ, шетелдіктер экономикалық әлеуеті жоғары өлке ретінде Маңғыстауға қызығушылығы артуда. Әзірге қай жоба қай мерзімде қолдау табатыны уақыттың еншісінде.Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ