Халықаралық Ауыр Атлетика Федерациясы қазақстандық үш спортшыға қатысты ресми шешімін жариялады. Тиым салынған препаратты қолданғаны үшін ауыр атлеттер бірнеше жылға спорттан шеттетілетін болады. Атап айтар болса, Лондон олимпиадасының чемпиондары – Светлана Подобедова 8 жылға, Майя Манеза мен Зүлфия Чиншанло 2 жылға дейін халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау мүмкіндігінен айырылды. Бұл шешім спортшылардың қанынан препарат табылған мерзімнен, яғни, 2016 жылдың 26 мамырынан бастап күшіне енеді. Демек Света қызымыз 7 жылдан соң, ал Зүлфия Чиншанло мен Майя Манеза 2018 жылдың маусым айынан бастап додаларға қатыса алады. Атлет арулар спорттан шеттетіліп қана қоймай, бұған дейінгі атақтары мен рекордтарынан да айырылады. Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан ауыр атлетика қауымдастығының қолдауымен құрылған қорғаушылар мен зерттеуші мамандар тобы қазақстандық спортшылардың допинг сынамаларын қайта қарап, зерттеудің барлық кезеңінде спортшыларды қолдау мақсатында өз нәтижелерін ұсынған болатын. Дереккөз: tengrinews.kz