©
«Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» бүгінде өңірлік ішкі саясат басқармасының «Тұтынушылар құқығын қорғау іс-шараларын ұйымдастыру» тақырыбында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты іске асыруда. Жаңа жобаның басты мақсаты – халық арасында тұтынушы құқығын қорғау, жарамсыз тауарлар мен өнімдерді айырбастау не кері қайтару талаптары турасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Осы мақсатпен қоғамдық бірлестік сауда нүктелері, халыққа қызмет ету орталықтары мен ас-тамақтану орындарында тұтынушы құқығы мен мүддесін бұзу фактілері кездескен жағдайда құқықтық кеңес береді. Күні бүгінге дейін орталық көмегіне отыз шақты тұрғындар жүгінген. Тұтынушылар кезігетін мәселелер әртүрлі. «Мәселен, бір отбасы тұрмыстық бұйымдар дүкенінен жасанды дермантинмен қапталған 6 орындық сатып алады. Бір жұмаға жетер-жетпес жаңа жиһаз бүлініп, сиқы қаша бастайды. Тауар сапасына көңілі толмаған тұтынушы алмастыруға әрекеттенгенімен, дүкен иесі бұл ұсыныстан бас тартады. Сол себепті сатып алушы біздің көмекке жүгінді. Заң шеңберінде қажетті құжаттарды толтырып, жаңа тауарға қол жеткізді»,-дейді қоғамдық бірлестіктің бас маманы Аяжан Таушанова. Бірлестік мүшелерінің айтуынша, халық тұтынушы құқығын қорғау заңынан мүлдем бейхабар. Кез келген азамат белгілі бір тауарды сатып алу барысында келісімшартқа көз жүгіртіп, бастан-аяқ мазмұнымен танысуға міндетті. Себебі, жарамсыз тауарды кері қайтару не алмастыру, ақшаны өндіруде заңгерлер осы құжатқа сүйенеді. Сонымен қоса, сауда-саттық барысында мұндай мәселелерге селқостық танытып, қолды сілтеу қателік екен. Тұтынушы таңдауы ескеріліп, дұрыстығы дәлелденсе, ақшаны өндіріп алу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан халық «Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» көмегі мен кеңесіне сүйенгені абзал. Бұл орайда, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады.Голрох Жеменей