©
Жеңіс күніне орай Ақтау қаласындағы «Air Astana» әуе компаниясының ұжымы 13 шағынауданда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Бисен Боқаевтың шаңырағына барды. Ардагерді мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. - Ардагерлерге құрмет көрсету-әрбір адамның азаматтық борышы. Әрине, ардагерлерімізге қандай құрмет пен сый көрсетсек те аздық етеді. Себебі осы аталарымыз сұрапыл соғыста қайсарлық пен қаһармандық танытып, Отан үшін от кешіп, қасық қаны қалғанша жаумен жағаласып, бізге бүгінгі бейбіт өмірді сыйлады. Сондықтан, мереке қарсаңында атамыздың шаңырағына ұжым болып арнайы келіп, Жеңіс күнімен құттықтап, тәтті торт, шаңсорғыш, ұшақ кәдесыйын табыстадық. Атамыздың әсерлі әңгімесін тыңдап, ақ батасын алып, бір марқайып қалдық,-дейді Ақтау қаласындағы «Air Astana» әуе компаниясының жолаушыларға жерде қызмет көрсету департаменті менеджерінің міндетін атқарушы Аршат Бекжанова. Бисен ақсақал 19 жасында әскер қатарына алынып, кейін майдан даласына аттанған. Шекарашылар жасағында болып, «Яссы-Кишинев» шабуыл операциясына қатысқан. Молдавия, Румыния, Венгрия жерлерін азат етуге атсалысқан. Майдан даласында бірнеше рет жараланған ардагер ІІ дәрежелі «Қызыл ту» орденімен және «Қажырлы еңбегі үшін», «Құрмет», «Парасат» медальдарымен марапатталған. - Елге келіп еңбек етіп, отбасын құрдым. Жұбайым Оғылхан екеуміз ұл өсіріп, қыз тәрбиеледік. Денсаулығым құдайға шүкір жақсы. Мені құрметтеп, үйіме келіп құттықтап жатқан жастарға алғысымды білдіремін. Енді елімізде соғыс болмасын. Тәуелсіздігіміз ғұмырлы, заманымыз тыныш болсын, бейбіт елімізде ұрпағымыз бақытты өмір сүрсе екен деймін,-деп ақ батасын берді 94 жастағы Бисен ақсақал. Берекелі шаңырақта 2 ұл мен 7 қыз өсіп-жетілген. Бүгінде Бисен ата мен Оғылхан әже 25 немере мен 19 шөбере сүйіп отырған бақытты отбасы.Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Ердос ҚОЖАНТАЙҰЛЫ