©
Аймақта алғаш рет облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас мамандар арасында «Маңғыстау ханшайымы-2017» байқауы өтті. 21-29 жас аралығындағы арулар қатысқан сұлулық байқауында өңірдегі іргелі кәсіпорын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның жұртшылықпен байланыс департаментінің маманы Анар Нұғманова топ жарып, «Маңғыстау ханшайымы» атанды. - Байқауға қазақ тілін жетік меңгерген, сымбаты мен сұлулығы келіскен, білімді, өнерлі әрі бұрымды арулар қатысты. Басты мақсат-әр салада жұмыс жасайтын дарынды аруларды анықтау, шеберлігін шыңдау. Сондай-ақ жастарды рухани, кәсіби жағынан дамыту, қазағымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын насихаттау. Жалпы байқауға қатысуға 14 ару өтініш білдірді. Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімімен олардың арасынан 7 үміткер іріктеліп, байқауға қатысуға жолдама алды. Талап бойынша байқауға қатысушы қазақтың ұлттық киімімен және мекеменің логотипі бейнеленген арнайы киімдерімен өнер көрсетті. Байқауды тамашалауға келген залдағы көрерменнің ықыласы, қошеметі ерекше болғанын айта кеткім келеді. Жалпы бұған дейін біз жас мамандар арасында «Жігіт сұлтаны» байқауын ұйымдастырдық. Сондықтан да мұндай сайыстарды өткізуде тәжірибиеміз мол деп айта аламын. Алдағы уақытта байқауды дәстүрлі түрде өткізіп тұру жоспарланып отыр,-дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Бурxандинова. Сұлулық байқауына «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның кітапханашысы Гаухар Нұрқали, «ӨзенМұнайГаз» АҚ мұнай өнеркәсіп құралдарының және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының темір жонушысы Сәнім Мурадова, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің маманы Анар Нұғманова, «Қазпошта» МОФ АҚ орталық операциялар участкесінің бақылаушы Гүлнара Байтерекова, ҚФ «Нельсон Петролеум Бузачи Б. В.» аудармашысы Дана Оспанова, №2 Жаңаөзен қалалық емханасының жалпы тәжірибелік мейірбикесі Зина Матжанова, «Ақтау қалалық жастар орталығы» КММ Жастар және үкіметтік емес ұйымдар қызметін үйлестіру бөлімінің бас маманы Азиза Қобланова қатысты. Арулар байқаудың талабы бойынша өздерін таныстырып, өнерілерін көрсетіп, жеміс-жидекті әсемдеу бойынша бақтарын сынады. Одан бөлек экран арқылы еліміздің эстарда жұлдыздары тарапынан қойылған қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыпына, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылыған көрмесіне қатысты қойылған сауалдарға жауап беріп, білімдерін де тексерді. - Байқауға қатысуға мұнайшылар қаласынан арнайы келдім. Іріктеу турынан өтіп, байқауға қатысуға жолдама алғаныма қуаныштымын. Жалпы бұған дейін ақ халатты арулар арасында өткен байқауда түркімен ұлтын дәріптеп «Этно-медицина-2017 ханымы» атанған болатынмын. Бұл жолы да дайындығым жақсы, әрине жүлделі орыннан үміттімін. Байқау барысында әріптесім Сүндет Бұғыбаев екеуміз қазақ билерінен поппури көрсетеміз. Мені қолдап келіп отырған медицина қызметкерлеріне алғыс айтамын,-дейді №2 Жаңаөзен қалалық емханасының жалпы тәжірибелік мейірбикесі Зина Матжанова. Арулардың өнеріне Маңғыстау облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Жакаева, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдаулетов, белгілі биші Айнұр Сариева, «Арай» тобының әншісі Рысбек Аташ, облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев, «Кухня» аспаздық студиясының директоры Зухра Таласова, өлкеге белгілі әншілері Асылбек Құрманов пен Аида Байгелова, «Қазақстан аруы-2015» байқауының жеңімпазы Әлия Мергенбаева қазылық етті. Додада қыздар сан алуан өнерін көрсетті. Бірі-қазақ, екіншісі-үнді биін мың бұрала билесе, тағы бірі-ағылшын тілінде ән шырқады. Арулар монолог пен сатирадан да тыс қалған жоқ. Сұлулығы мен сымбаты келіскен арулардың арасынан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің маманы Анар Нұғманова дара шығып, «Маңғыстау ханшайымы» атанып, тәжге ие болды. Жеңімпаз аруға ұйымдастырушылар атынан тоңазытқыш сыйға берілді. - Қыздардың барлығы да жақсы өнер көрсетті. Байқауға қатысқан кезде тек алғысхат алып қалмасам екен, бас жүлде маған бұйырсыншы деп тіледім. Байқауға бізді өте жақсы дайындаған облыстық жастар ресурстық орталығына алғыс айтамын. Маған қолдау көрсеткен ұжымыма, кәсіподақ ұйымына ризашылығымды білдіремін. Сұлулық байқауына алғаш рет қатыстым, жеңімпаз атанғаныма өте қуаншытымын,-дейді Анар Нұғманова. Екінші орынға «ӨзенМұнайГаз» АҚ мұнай өнеркәсіп құралдарының және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының темір жонушысы Сәнім Мурадова лайық деп танылса, үшінші орыннан «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның кітапханашысы Гаухар Нұрқали көрінді. Қос аурға тігін машинасы мен шаңсорғыш табысталды. - «Маңғыстау ханшайымы» атанған Анар қызымыз барлық жағынан өте жақсы өнер көрсетті. Сәнім қызымыз қазақ аруының өжеттілігін, Гаухар қызымыз арулардың биязылығын көрерменге жеткізе білді. Жас мамандар арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырған сұлулық байқауы болғанымен жоғары деңгейде өтті. Жастарымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» екенін көрсете білді. Аруларымыз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысты қойылған сауалдарға мүдірместен жауап бергені мені қуантты. Байқаудың жалғасын табуына тілекшіміз. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Бурxандиноваға ерекше алғыс айтып, еңбегіне табыс тілеймін,-деді Маңғыстау облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Жакаева. Байқау барысында «Арай» тобының әншісі Рысбек Аташ, Асылбек Құрманов, Ермаш Бауыржан, Екпін Толқынхан, «Жігіттер сұлтаны-2016» байқауының қатысушылары ән айтып, көрерменнің қошеметіне бөленді.Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Ербол АЙТБАЕВ