©
Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов өңірдегі сәулетші, құрлысшы және жобалаушы мекемелердің басшыларымен кездесті. Облыстық Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрда өткен жиында Ақтау қаласының сәулеті, құрылыс саласындағы өзекті мәселелері мен қаланың сәулеті сөз болды. Сала мамандары ұсыныс-тілектерін айтып, мәселелерін ортаға салды. - Маңғыстауға келгеніме көп уақыт бола қойған жоқ. Аз уақыттың ішінде облыстағы барлық аудандарды аралап, тыныс-тіршілігімен таныстым. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Сондықтан да облысты өркендету, қала көркейту бағытында өздеріңізбен кездесіп, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдағанды жөн санадым. Құрылысшылар мерекесінің қарсаңында тағы кездесетін боламыз. Ол уақытта бір-бірімізді мерекемен құттықтап, жеткен жетістіктеріміз, жасаған жұмыстарымыз жайында әңгімелейтін боламыз,-деді жиынды ашқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов. Өз сөзінде «Оңдасын-Строй» мекемесінің басшысы, Ақтау қаласы мәслихатының депутаты Бердіғожа Боранбаев қалада салынып жатқан тұрғын үйлердің сәулеттік келбеті сын көтермейтінін айтып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан тапсырыс берумен айналысатын мемлекеттік мекемелер жобалаушыларға тиісті техникалық тапсырма әзірлеуде нысандардың сәулеттік келбетін қадағалауды, қала құрылыс кеңестерінде аталмыш мәселеге талапты күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың талаптарының өзгергенін алға тартып, нарықта бұрын мүлдем құрылыспен айналыспаған мекемелердің мемлекеттік маңызды нысандар салуға рұқсат етіліп отырғанын жеткізді. Бұл өз кезегінде нысанның сапасыз салынуына немесе мүлдем аяқталмауына әкеліп соғатынын айтты. - Конкурстық комиссияның құжаттарын қараған кезде басқа облыстардың тәжірибесіне сәйкес мемлекеттік сату басқармасын құрылса және тәжірибиелі мамандармен жасақталса дұрыс болар еді. Сол кезде конкурстардың уақытылы және сапалы өтуіне мүмкіндіктер, жылдық қаржының игерілуі де уақытылы болар еді. Тағы бір мәселе-коммерциялық тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін бөлу мәселесі. Өздеріңізге белгілі жаңа талаптарға сәйкес жер учаскелері аукциондарда сатылуда. Ақтау қаласында бірнеше коммерциялық нысандар құрылысына арналған жер учаскелері сатылады, бұл бюджетке тиісті түсімдер әкеледі. Бұл-біздің ойымызша өте дұрыс. Алайда, осы қағида бойынша жер учаскелері коммерциялық тұрғын үй құрылысына сатылатын болса, бұл кейін сатылатын пәтерлердің қымбаттауына әкеліп соғады. Себебі, кәсіпкер де пайда табуға жұмыстанады. Біздің ұсынысымыз мемлекеттік-жекеменшік әріпестікті дамыту бағытында коммерциялық тұрғын үй құрылысына жер учаскелері құрылыс мекемелеріне беріліп, бұл жерге салынған тұрғын үйдің 5% пәтерлері ақысыз мемлекетке тапсырылса. Осылайша, коммерциялық тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, әкімдіктерде кезекте тұрған халқтың саны азаятын еді деп ойлаймын,- дейді Бердіғожа Боранбаев. Кездесуде сөз алған «Мунайгазпроектсервис» жобалаушы мекемесінің басшысы Бағдат Бисенгужиев газ, тоқ жүргізу кезінде туындайтын қиындықтарды сөз етсе, Маңғыстау облыстық «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның басшысы Өрендік Нұрбердіханов мекеме «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс жасайтынын жеткізді. «Альянс ЛТД» мекемесінің басшысы Асқар Керелбаев аурухана, мектеп салмас бұрын жобаға сол саланың білікті мамандарын тартуды ұсынды. Және облыста су тапшылығына байланысты ағаш отырғызылған жаңа шағынаудандарға кәрізден аққан суды қайта тазалайтын шағын «КОС» тұрғызу тұрғысынан ұсынысын жеткізді. Маңғыстау облысының құрметті азаматы, сәулетші Сайын Назарбек тұрғын үй тұрғызғанда жауапты мамандар қазақтың рухани болмысына, әдет-ғұрыпына сай элементтерді қосу керектігін айтты. Одан бөлек теңіз жағасында құрылыстарды сынға алып, теңіз жағасына дәретхана салу қажеттігін айтты. - Қалада соңғы кездері бой көтерген көп пәтерлі тұрғын үйлердің сыртқы келбеті, қасбеттеріне көпшіліктің көңілі толмай жүргені рас. Бұл-көптен толғантып жүрген мәселе. Мұның себебін мен зерттедім. Бұған құрылысшылар да, сәулетшілер де кінәлі емес екен. Кінәлі-тек ғана тапсырыс беруші мекеме. Мәселен, қаланың әкімшілігі бір тұрғын үй салатын болса, өзінің қарауындағы жауапты кісілерімен дұрыс жұмыс жасап, «жобалауға тапсырыс» деген құжатқа «осы үйдің қасбеті қазақтың рухани болмысына, әдет-ғұрыпына сәйкес элементтер болуы керек» деп жазса, жобалаушы мекеме міндетті түрде ескереді. Сондықтан бұл мәселенің негізгі кемшілігі-тапсырыс беруші мекемде. Одан бөлек теңіз жағалауын халықтың демалатын рухани орнына айналдыруымыз керек. Елбасымыз айтқан ұлттық кодты сақтауға, бойымызға сіңіруге еңбек етуге тиістіміз. Теңіз жағасындағы үңгірді көпшілігі біледі. Ата-бабаларымыз да сол үңгірден шыққанын ұмытпауымыз керек. Сол үңгірді Ақтау қаласының ең бір қасиетті жеріне айналдыруды қолға алып, үңгірді жобаға келтіргеніміз жөн деп санаймын,-дейді сәулетші Сайын Назарбек аймақ басшысының жұмысына табыс тіледі. Жиынға қатысушылардың ұсыныс-тілегін тыңдаған облыс әкімі Е. Тоғжанов көтерілген әр мәселеге жеке тоқталып, шешу жолдарын айтты. Теңіз жағалауындағы балалар ойынын алаңынан дәретхана мәселесін ертеңнен қалдырмай шешуді Ақтау қаласының әкімі С. Трұмовқа жүктеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының және білім басқармасының басшыларына өңірде салынып жатқан медициналық мекемелердің, білім ошақтарының құрылыстарын жобалауға араласып, қадағалау қажеттігін тапсырды. Және теңіз жағасын абаттандыру жұмыстары жалғасына табатынын, әуежайға баратын жолдың кеңейтілетінін де айтты. - Бір айдың ішінде жауапты адамдарға 280 тапсырма берілді. Олардың ішінде бүгінгі көтерілген өзекті мәселелер де бар болатын. Мұнайлы ауданындағы Басқұдық елді мекеніне қарасты жақсы мәселе көтердіңіздер. Басқұдықтың іші өте тар, жедел жәрдем баратын жол, жауын-шашын болған кезде суағарлар қарастырылмаған. Бұл мәселені тез арада шешу бойынша Мұнайлы ауданының әкіміне тапсырма берілді. Сайын аға айтқан ұлттық мәселені де үй салған кезде ескеруіміз керек. Жаңадан тұрғызылатын шағынаудандарда, тұрғын үйлерде балабақша мәселесі толықтай шешілуі тиіс және ағаш отырғызатын арнайы жер міндетті түрде қарастырылуы керек. Ақтау қаласында ағаш өспейді деген әңгімені тоқтатуымыз керек. Мемлекеттік сатып алу бойынша бұған дейін де мәселе көтерілді, ол тұрғыдан тапсырма берілді. Жауапты мамандар бұл бойынша жұмыс жасап жатыр. Үңгірдің мәселесін де қарастыруымыз керек. Маңызды жолдың бойында құрылыс салуға тыйым салынады. Кезінде жер алып, кейін игермеген азаматтардың жерлері заңға сәйкес мемлекетке қайтарылады. Ол жерлер жұмыс жасайтын азаматтарға беріледі. Және тағы бір айтар мәселе-құрылысшыларға қауіпсіздік мәселелерін қатаң сақтауды ескертемін,-деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ералы Тоғажанов.Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ