©
«Той – адамның қазынасы» деген сөздің де құты қаша бастаған сияқты. Бүгінгі тойлар мен кешегіні салыстыру мүмкін емес. Өйткені қазір той – қуаныш үшін емес, жан-жақтағы ағайын-туыс пен таныстарға берілетін «есеп» секілді өткізілуде. Ал үйлену тойы бәсекеге айналғалы қашан?! Ол ол ма, әлеуметтік желіде қазақ ұйымдастырған бір жиында тыржалаңаш қазақ қызының би билеп, өнер көрсеткені көпшіліктің назарын еріксіз аудартты. Иә, ақылға сыйымсыз. Десе де, бір ұжымдық кеште қазақ қызы толықтай шешініп тастап, жиылғандарға «шынайы өнерін» көрсетіпті. Бұл - мақтанатын дүние емес. Керісінше, азғындықтың шегі болып отыр.
Той жынойнаққа айналды
Бұдан бөлек, «Youtube» әлеуметтік желісіндегі тойда түсірілген үзінділер көп. Олардың көбі – есі ауғанша құлап, талып, жалаңаштанып жүрген қазақтар. Былайша айтқанда, азғындықтың дәлелі. Сондықтан да болар, бұрынғы тоймен салыстыру мүлде ұят. Ал мұндай бейнежазбалар қалай пайда болады? Ерсілікті монтаждап салды дейін десек, ақылға сыймайды. Сондықтан бұлардың бәрі шынайы өмірде болып жатқан дүниелер екенін мойындауымыз керек.
Қазіргі хит әндерге жастар түгіл үлкендер де есі ауғанша билейді. Ал «еріккендер» мұны бірден интернет желісіне салып жатады. Сонда той жын-ойнаққа айналып кеткен бе? Бір топ жастар, жас түгілі үлкендер санын ашып, естері кетіп билеп жатқанын көріп, бетімізді бастық, ұялдық. Әлеуметтік желілерде үлкен талқылауға түсіп жатқан көріністен сау адам жиіркенеді. Қазақтың намысы әбден өлген екен. Тойға келген кейбір қауымда да ес жоқ. Қайта шапалақтап, мақтап жатады. «Ай-хай! Жарайсыңдар» деп, айқайлап отырғандарды да байқайсыз. Арды ұмытып, қалтасын ғана ойлаған асабаның «азғыруы» өз алдына бөлек әңгіме.
Соңғы кезде «тойдағы ойын» да сұйықталып кетті. Аты жақсы болса да, заты жақсы емес. Қазір бүкіл асабалар жұртты күлкіге қарқ қылуы үшін осы әдісті қолданады. Турасын айтқанда, халықтан маймыл жасайды. Сайқымазақ болудан өзіміз де кет әрі емеспіз. Кімді кінәларсыз?! Бұдан бөлек, тойда үйленіп жатқан жігітті лақтыру да әдеп емес. Күйеу жігітті достары болып, көтеріп лақтыру оның қаншалықты абыройлы екендігін көрсетпейді. Шын мәнінде, жігіттің денсаулығы, болашағы артығырақ.
Маңғыстауда той басқаша
Иә, біздің облыста той басқа өңірлерге қарағанда өзгешелеу. Үйлену тойына қалыңдықтың әке-шешесі бармайды. Жас келін тойға барса, орамалын тастамайды. Қазақы салт-дәстүрді барынша сақтауға тырысады: мәселен Астана, Алматыдағыдай «горька», «гүл лақтыру» сияқты әдеттерден ада. Mojazarplata.kz сайты Қазақстанның шағын қаласында 100-120 кісілік шағын той жасау үшін (той малын есепке алмағанда) 1 млн. теңге керектігін есептеп шығарды. Әрине, тіркеуге тұру, шақыру билеттерін әзірлеу, залды безендіру, той дастарқаны, асаба мен әншілерді, фотограф пен операторды, той көлігін жалдау – әрқайсысы аз шығын емес. Дастарқан мен осы кәкір-шүкірді қосқанда, Ақтаудағы «орташа» той 5 миллионға шығады деген «статистика» бар.
Қанша қаржы жұмсаса да, кейде той, ұжымдық жиналыстар сияқты қызықсыз өтіп жатады. Адамдар бұрын тойға баруға асықса, қазір келіп алып, кетуге асығады. Бұрынғыдай емес, той да тез тарқайтын болған. «6 жылға жуық тойларды бейнекамераға түсіріп жүрмін», - дейді оператор Әлібек РАХМАНОВ. Оның ойынша, алғашқы жылдардағыдай емес, тойдың статусы төмендеп кеткен.
«Қазір біріншіден, той көбейіп кетті. Кішігірім қуанышты да мейрамханада атап өтуді ойлайды. Мысалы, шілдехана, «папка той», 1 жас, тіпті, жаңа түскен келін шай құятын кезде де мейрамхана жалдайды. Бұрын тек үйлену тойлар ғана мейрамханада өтетін. Наурызда көрісуді де мейрамханада жасап жатады. Қазір, меніңше, тамадалар да жаттанды сөйлейді, қонақтарды ұйыта алмайды, кейде жалықтырып жібереді. Атын айтпай-ақ қояйын, бір тамада қарияның 70 жас мерейтойын жүргізді. Бәрі әдеттегідей қызыл сөз, жылы лебіздер. Тек аяқталар кезде тойға келген бір қонақ шығып: «Бұл кісінің 60 жасын да дәл осылай мейрамханада атап өткенбіз. Ол тойда да дәл осы тамада болды. Тап осы сценарий, дәл осы мейрамхана. Өкініштісі, балам, сен 10 жылдан бері сценарийіңді бір өзгертпеген екенсің», - деп бетке ашық айта салды. Осындай жайттар көп кездеседі. Тойдың 70 пайызы сөйлеумен өтеді. Жалпы жұрттан қалмайын дегендей, флешмоб билейді. Сондағы қазақ келінінің де секеңдеп жүретіндері ерсі көрінеді, - дейді ол.
Бұдан кейін кім мейрамханадағы тойға шын ниетпен барады? Ол да менің тойыма келді, мен де барайын деген амалсыз оймен келеді. Бар кінәні тамадаға да арта салуға болмайды. Неліктен той табиғилықтан барған сайын алыстап барады? «Бұрын есік алдына палатка құрып, «Хайнстың» босаған ыдысына сусын құйып, той жасағанда ешкімді сынамай, шын көңілмен қуанатын халық қазір лимузиннің ұзындығы бойынша, салаттың көптігі жөнінен, шақырылған әншінің танымалдығы жағынан жарысатын болды», - дейді жас жазушы Арман ӘЛМЕНБАЕТ.
«Адам қуану үшін емес, келген сыйлықты санап, үзіліске дейін бір жарым сағат, үзілістен кейін бір жарым сағат шыдап отыруды ойлап барған соң, тойда не береке болсын? Той дегенде, кредит еске түсетін болғалы қашан. Несиенің зиянын білетін адам тойды да сондай зиянның әсерімен ұштастырады. Оның үстіне бірнеше жыл арақпен тойлап үйреніп қалған адамдар ішпесе тойда не айтып, не қоярын да білмейді. Тойлап жүргені - атасы тойлаған тойдың формасы емес, қайта бірге отырып арақ ішуге ыңғайланған форма екенін қайдан білсін...», - дейді ол. Маңғыстауда тойға алған кредитті төлей алмай ажырасып кеткендер де көп.
Сіз қай тамаданы таңдайсыз?
«Жақсы асаба – жарты той». Тойдың жақсы өтуі де сол тізгінді ұстаған тамадаға байланысты. Маңғыстау – Алматы, Астанадан тамада алдырудан бірінші орында тұр. Өйткені әуе қызметкерлері атақтылардың көбі Ақтауға ағылатынын жасырмай отыр. Тамадалар да қабілетіне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Ендеше, Сіз қандай тамаданы тойыңызға шақырдыңыз немесе шақырған дұрыс деп санайсыз? Бағамдап көрелік.
Алғашқысы, сөзге шешен, ақын асаба. Әдеби сөйлеп, тойды әдепті жүргізеді. Әзіл-қалжыңы да өлеңмен өрнектеледі. Әдетте мұндай асабалар зиялы қауым тойларына немесе алқалы жиынға шақырылады. Дегенмен сөзге шешен асабалардың кейде тілек бергенде жеріне жеткізе айтамын деп шабытқа мініп, өз сөзін ұзын сонар созып жіберетін тұстары да болады.
Қутілді, қылжақбас асаба. Бұл тамада қалың халықты бірден үйіріп әкетеді. Халық сөздің астарын түсінбей, тез әрі оңай қабылдап жатады. Қалжыңға жақын қазақты баурап алу да қиын емес. Бірақ кейде қонағыңыздың жеке басына тиетін ауырлау әзіл айтып қалуы әбден мүмкін.
Танымал асаба. Иә, шатасқан жоқсыз. Мұндай асабалар қатарында той брэндтері де бар. Халық депутаты той жасаса, кемінде тамадасы халық әртісі болуы керек шығар?! Дегенмен актер не әнші тамада кейде тойды шығармашылық кешке айналдырып жіберуі мүмкін.
Қос тілді тамада. Асабалар да сөздік секілді. «Қазақша-Орысша», «Орысша –Қазақша» асаба болады. Біріншісінің қазақшасы басым, орысшасы орташа, екіншісінің орысшасы мықты, қазақшасы қанағаттанарлық қана. Жиылған қонақтарыңыздың орысы басым болса, орысша - қазақшасын, қазағы басым болса қазақша - орысшасын аласыз. Тіл дегеніңіз тым күрделі мәселе. Екінің бірі басым болып бара жатса, кей қонақтарыңызға ұнамай қалуы бек мүмкін.
P.S. Жалаңаш қыз қазақтың тойында «стриптиз» билеп шыққанда, «365инфо.кз» сайты «Тойдағы стриптиз: қазақ баспасөзі неліктен үнсіз?» деген тақырыпта мақала жазды. Олар "Қит етсе, ұлт, рух, намыс деп шығатын қазақ тілді БАҚ неге үнсіз? Пайғамбар жасына келген қарияларымыз бен әжелеріміз неліктен бұл бассыздықты тыныш қолпаштап отырды?" деген мағынада пікірлер айтты. Шынтуайтына келгенде, бұл - талқылауды қажет етпейтін тақырып. Біз мұндай жаңалықты жариялаған сайын, адамдар есіре, еліктей түседі. Ал сіздің тойыңыз қалай өтуде? Дәстүрге сай ма, ысырапшылдықтан ада ма? Бір сәт тойыңыз туралы ойланып көру артықтық етпейді.
Айгүл ДӘДЕН