Өңірімізге іссапармен келген халық қалаулылары «Мәңгілік ел» патриоттық акциясы аясында әртүрлі еңбек ұжымдарымен кездесіп, Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Өткен сәрсенбі күні Парламент Сенатының депутаты Б.Шелпеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Т.Хитуов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қ.Жұмашев «Каспий Битум» зауытының жұмысшыларымен жүздесті. Жиында халық қалаулысы Бақтыбай Ақбердіұлы құнды құжаттың «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік және бірлік», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бөлімдеріне тоқталып, кеңінен түсінік берді.
-«Мәңгілік ел» болып, дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену үшін басты бағдарымыз болуы керек. Еліміз «100 нақты қадамды» басшылыққа алып, дамудың даңғыл жолына түсті. Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бағытында еліміздің барлық аймақтарында Қоғамдық кеңес құрылып, жұмысын бастап кетті. Жергілікті халық Қоғамдық кеңес арқылы ой-пікірін,үнін жеткізе алады. Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамды» орындау барысында 60-тан аса заң қабылданды,-деді Парламент Сенатының депутаты Б.Шелпеков. Ағымдағы жылдың наурыз айында іске кіріскен 6 шақырылымның депутаттарының алдында тұрған меже мен міндеттерді баяндаған халық қалаулысы Тарас Киікбайұлы Мәжілісте жыл аяғына дейін 26 заңды талқылау жоспарланғанын жеткізді. Кездесу барысында өндіріс орнының жұмысшылары жер мәселесіне қатысты сауалдар қойды. -Соңғы жарты жылда Жер кодексіне 14 рет өзгеріс енгізілді. Заң бойынша жер учаскесін уақытша пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Облысымызда 5 млн. гектар жерді шаруа қожалықтары игілігіне жаратып отыр. Оның 98,7 пайызын уақытша пайдалануда, қалған бөлігі жеке адамдардың иелігінде. 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап жерді нарықтық экономикаға енгізу мақсатында аукциондарда табыстау нақтыланады. Осы нормалар 2003 жылы қабылданған Жер кодексінде де қарастырылған,"-деді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ