Елордада өтетін «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесін қолдау мақсатында Ақтау халықаралық әуежайында «Домбыра Partу» өтті. Халықаралық және ішкі рейспен ақмаржан Ақтау қаласына ұшып келген жолаушыларға Маңғыстау өнер колледжінің студенттері күмбірлете күй тартып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шараны жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
- Бұған дейін «ЭКСПО-2017» xалықаралық көрмесіне өңір атынан баратын еріктілердің қатысуымен қаладағы сауда орталықтарында және теңіз жағалауында акция өткіздік. Жеңімпаздарға көрмені тамашалау үшін билеттерді сыйға тарттық. Жалпы елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қатысушылары мен қонақтарына қызмет көрсету үшін облыстан ерікті болып баруға 150 үміткер ұсыныс білдірген болатын. Барлығымыздың білімдері тексеріліп, ағылшын тілінен емтихан қабылданды. Олардың арасынан 50 ерікті іріктеліп алынып, өткен жылдың қазан айынан бастап ағылшын тілі курстарына қатысып, көрмеге келушілерге алғашқы медициналық көмек көрсету, қауіпсіздік ережелері бағытында сабақтардан өтті. Одан бөлек, оқу аясында топқұру, көшбасшылық қасиеттердi қалыптастыру, қарым-қатынасты дамыту, конфликттердi шешуге байланысты тренингтер ұйымдастырылды. Ал, бүгінгі Ақтау халықаралық әуежайында ұйымдастырылып отырған «Домбыра Partу» халықаралық көрмеге қолдау көрсету бағытында өткізілетін шаралардың жалғасы,-дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Бурxандинова.
Шара барысында Махачкала, Астархань және Астанадан ұшып келген жолаушыларға «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесіне қатысты викториналық сұрақтар қойылды. Жеңімпаздарға билеттер, арнайы дайындалған тақырыптық күнтізбе мен естелік сыйлықтар табысталды.
- Бүгін Ақтау халықаралық әуежайына Махачкаладан-37, Астанадан- 107 жолаушы ұшып келді. Әсіресе, Махачкаладан келген қонақтарды өнерлі жастардың домбыраның шанағынан күй төгіп, ұлттық нақышта қарсы алғаны таң қалдырды. Таңданысын жасыра алмаған шетелдік қонақтарымыз әдемі көріністі ұялы телефондарына түсіріп алып жатты. Елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» xалықаралық көрмесіне қатысты қойылған сауалдарға да жауап беріп, Маңғыстау облысы әкімінің атынан тағайындалған көрмеге тегін кіру билеттеріне ие болды. Мұндай игі шаралардың әуежайда жиі ұйымдастырылып тұрғанын біз де қуана құптаймыз,-дейді «Ақтау халықаралық әуежай» АҚ-ның атқарушы директоры Ерғазы Жолдасов.
Венера МИРЛАН