Өңір басшысы Ералы Тоғжанов облыстағы этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті. Басқосуда аймақ басшысы татулықты ту етіп, облыстың өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан этномәдени бірлестік өкілдеріне алғысын айтып, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
- Елбасының үлкен саясатының айналасында Сіздермен бірнеше жыл бірге жұмыс жасадық. Сол кездің өзінде маған қаншама қолдау білдірдіңіздер. Ол үшін алғыс айтамын. Енді Маңғыстау облысын басқару міндеті маған жүктелді. Сіздер Мемлекет басшысымен Тәуелсіз Қазақстанды бірге құрдыңыздар. Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінде елімізді 130-дан астам ұлт мекен етіп, тату-тәтті өмір сүруде. Сондықтан да біздің ең асыл қазынамыз-бірлік, елдің тыныштығы. Бұған дейін облыс ақсақалдарымен арнайы кездесіп, аудандарды аралап, жағдайларымен таныстым. Бүгін Сіздермен дидарласып, еркін әңгіме-дүкен құрып, өңірді өркендету тұрғысынан айтар ұсыныстарыңызды тыңдауға келдім,-деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Бүгінде Маңғыстау облысында 20 этномәдени бірлестік өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Кездесуде сөз алғандар басты байлық-елдің бірлігі мен татулығы екендігін айтып, жастардың білімі мен тәрбиесін сөз етті. Облыста жасалған жұмыстарға бағаларын беріп, ұсыныс-пікірлерін айтты. «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Сергей Мартын Ақтау қаласына қосымша теннис кортының қажеттігіне тоқталса, «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахшаев облысқа санаторий кешенін салу үшін жоба дайын екендігін жеткізді. «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанәлі Ғазибеков ауылшаруашылық саласын дамыту бағытында сөз қозғап, тәлімбағының (питомник) жұмысы су тапшылығынан тұралап қалғандығын алға тартып, көмектесуді сұрады. Ал, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Магомед Лорсанов өзге діннің жетегінде жүрген жастардың болашағына алаңдаулы екендігін айтып, жастар тәрбиесіне көңіл бөлу керектігіне тоқталды.
- Еліміздің жарқын болашағы-жастар. Ал, олардың бүгінгі тағдыры біздің тәрбиемізге тікелей байланысты. Сондықтан да жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсету аға буынның міндеті деп білемін. Соңғы кездері мені жастардың басқа дінге бет бұруы алаңдатып жүр. Осы орайда, үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүргізілсе екен деймін. Қазір ғаламтор арқылы түрлі ақпарат алып, сол арқылы өзге дінге кетіп жатқан жастардың тағдыры мені қатты ойландырады. Өзге діннің жетегінде жүрген шешен ұлтының алты жасымен біз кездесіп, сөйлестік. Имамдарға апарып, дін-өте нәзік әрі күрделі екенін, кез келген ақпарат кеңістігіндегі дүниеге көзсіз елітіп, соңынан еруге болмайтындығын айтып, түсіндірдік. Мемлекетіміздің сан ғасырлар қалыптасқан дәстүрлі дінінен бөлек дүние іздеу-адасудың басы. Сол себепті арнайы дін мамандарына ғана құлақ түріп, ресми бекітілген сайттардан ғана дұрыс ақпаратқа қол жеткізсе дейміз. Жастардың тәрбиесіне барлығымыз бірігіп атсалыссақ екен,-деді Магомед Лорсанов.
Сондай-ақ украин этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Лесниченко Түпқарағандағы Тарас Шевченко музейінің 85 жылдық мерейтойын қыркүйек айында жоғары деңгейде атап өтуге және шетелдік қонақтарды да шақыруға ұсыныс жасады. Өз кезегінде «Қазақстан кәрістері Ассоциациясы» РҚБ Ақтау филиалының директоры Раиса Маденова-Хван ассамблея мүшелерінің атсалысуымен жыл басынан бері облыста біраз шаруалардың атқарылғанына тоқталды. Оның ішінде «Наурыз мерейі» қайырымдылық акциясы аясында Ақтау қаласында тұратын көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, азық-түлік өнімдерін тарту етілгенін, этномәдени бірлестік өкілдері «Қошқар Ата» қорымында сенбілік өткізіп, «Үміт Үйі» кризистік орталығының аумағына 35 ағаш отырғызғанын жеткізді.
-Ағаш отырғызып, абаттандыру жұмыстарына қатысқан қарияның жасы 63 жастан 85 жасты құрайды. «Үміт үйіне» келген адамдар үшін көмек ретінде абаттандыру жұмыстарын жүргізе отырып, қариялар өскелең ұрпаққа үлгі көрсетті. Мұндай шаралар әлі де жалғасын табады. Тыныштық пен келісімнің киелі бесігі бола білген қазақ жерінің дархандығын, Елбасы қолға алған дана саясатының дәлдігін өмір өзі дәлелдеп берді. Әр ұлттың басын бір арнаға тоғыстырып, айрандай ұйытудың өзі оңай шаруа емес. Маған қазақ елі, өзім тұрып жатқан Ақтау қаласы қатты ұнайды. Осы жерде өсіп, өндік, балаларымызды тәрбиелеп жатырмыз. Алдағы уақытта да облыстың өркендеуіне үлес қосып, жастардың тәрбиесіне атсалысатын боламыз,-дейді Раиса Маденова-Хван.
Жиын соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов ассамблея мүшелерінің жұмыстарына табыс тілеп, ауызбіршілікте еңбек етуге шақырды.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ