Тазалық табалдырықтан басталады
[ 2017 ] 26 сәуір, 13:19 | Жаңалықтар
Көктем келісімен, күн көзі күлімдеп, қыс қамытынан босаған жер жүзі бусанып, табиғат ерекше күйге бөленеді. Жыл сайын сәуір айынан бастап халық тазалық айлығына- ат салысады. Айналаны күл-қоқыстан арылтып, ірілі-ұсақты қалдықтан тазарту ісіне білек түріп, белсене кіріскен халықты көріп, қуанып қалатын едік. Биыл жылдағы дәстүрден жаңылмай бұқаралық ақпарат өкілдері қала аумағындағы тазалық талаптарының сақталуы деңгейіне көз жүгіртті.
Ең алдымен 4-шағынаудандағы жарқабақты жағалау бойы журналистер назарына ілікті. Шыны бөтелкелер, пластмасс құтылар мен целоффан қапшық-қалталар бұта түбін тасалап, үйіліп қалған. Жан-жақта шашырай орналасқан қоқыс-қалдықтары жағалау көркіне нұқсан келтіреді. Теңіздің саф ауасын жұтып, көкжиекке көз жүгіртіп, көңіл көтергісі келетін тұрғындар күл-қоқыс үйіндісін таптап өтіп, кете береді. Қаз-қатар тізілген контейнерлерді көзге ілмей, қалдықты қоқыс сандығының сыртына лақтыратындардың кесірі көпке тиіп, тазалыққа кедергі келтіруде. Осындайда тазалық сақтау мәдениеті төмен қаланың кей тұрғындарына амалсыз кіжінесің «әттең-айлап». Ал жарқабақты жағалау бойын жасыл желек жайқалған алаңқайға айналдыру мен ажарын аша түсуге қала тұрғындарымен бірлесе әрекет ету маңызды деп білеміз.
Көк теңіз - ақмаржан Ақтау шаһарының ажырамас көркі. Ал жағалау тазалығы – теңіз тазалығының негізі. 1-шағынаудандағы теңіз жағалауында қордаланған күл-қоқыс үйіндісі бірден көзге түседі. Теңіз жағалай бей-берекет шашылған бөтелке-құтылар демалыс аймағының сиқын қашырып тұр. Күл-қоқыс көлемі күн санап ұлғаюда. Ал жағалау тазалығына атүсті қарайтын тұрғындардың жауапсыз әрекеті тыйылар емес.
Тазалық – денсаулық кепілі. Денім сау болсын десең, тазалық талаптарын қатаң қадағалау қажет. Тазалық жеке бастан бастау алады. Мәселен, тұрғын үй кіреберісі мен алаңқайын таза ұстау, көгалдандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізу, үй көркі мен келбетіне аса назар аудару өте маңызды. Жауапкершілік жүгін тиісті мекемелерге артып, тазалық ережелерін сақтамау - жеке адам мәдениетсіздігінің көрінісі.
«Қазіргі таңда халық тазалыққа аса мән береді. Менің ойымша, әрбір адам тазалықты өзінен бастау керек. Теңіз жағалауының қуыс-қуыстарына қоқыс-қалдықтарын тастап, өзі отырған жерлерін тазаламай келетін тұрғындар да кездеседі. Әрине, бұл өте ұятты әрекет. Балаларды жас кезінен бастап тазалық сақтау ережелеріне үйрету керек. Сонда ғана қала тазалығына қатысты мәселе туындамайды», - дейді 14-шағын аудан тұрғыны Нұркен Бекхожин.
Голрох Жеменей
1363
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.