©
Білім мәйегіне бойлаған ұрпақ – баянды болашақ іргетасы. Сана-сезімі сергек, ой-өресі биік, алғыр буынды тәрбиелеуде ерік-жігерін жанып, білім бәйгесіне қосу олардың бойындағы бәсекелік қабілетті арттырады. Сан түрлі ілім-ғылым сайыстары жас буын өкілдеріне жаңа тәжірибе жинақтауына, ой-санасына тың серпін дарытуына мол мүмкіндік береді. Өрелі ой алмасу, салмақты пікірталасқа тол сындарлы сайыстың бірі әрі бірегейі - «Білім жолы» республикалық зияткерлік марафоны. Бұл марафон бала құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыруда жемісті еңбек еткен «Асыл бала» республикалық қауымдастығының оң бастамасы. «Асыл бала» қауымдастығының құрамына «Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру қауымдастығы» (КАДУ) және «Халықаралық зияткерлік даму академиясы» (ЮСИМАС) кіреді. Сонымен қатар, зияткерлік марафонның ойдағыдай өтуіне Бала құқықтарын қорғау комитеті мен ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті үлкен қолдау танытқан.
Ақтау шаһарында сындарлы сайыс биыл екінші мәрте ұйымдастырылды. Былтыр республика бойынша білім додасында 2232 бала бәсекеге түскен. Ал биыл 3000 бала әр түрлі пәндер бойынша білімі мен қабілетін сынап көреді. Қалалық №17 орта мектеп қабырғасында өткізілген білім додасына 96 оқушы қатысып, терең ойлау, жүрдек жазу, тез әрі дәйекті шешім қабылдау, ділмарлық, жеңіс биігіне жетелер үздік қабілетті бойға сіңіру бойынша сынға түсті. Олардың қатарында 7 орта білім ордасы, 2 балабақша мен «Юсимас» Халықаралық зияткерлік даму академиясының шәкірттері бар. Марафонның негізгі мақсаты бала бойындағы қарым-қабілетті бағамдау, шығармашылық әлеуетін арттыру, тиісті тапсырмалар түйіткілін тарқатуда қиыннан қисын табар тапқырлық пен табандылықты ұштастыра білуге үйрету, өзге жандармен сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнатуға дағдыландыру десек артық емес. Білім беру жүйесінің бұл құрылымы балалардың білім-ілімге зор қызығушылығын тудырып, олардың қабілеті-қарымын ұдайы дамытуға жол ашады. Марафон жаратылыстану, табиғат әлеміне терең бойлау, әдебиет әлемінің жәдігерлерін зерделеу, ұлт тарихы туралы мол мағлұматқа қанығу, түрлі астары зор логикалық тапсырмаларды шешу, бірнеше тілді еркін меңгеру, шығармашылық қабілетін таныту сынды кезеңдерден құралған. Бір топқа ұйысқан балалар бойдағы бар өнер-білімін ортаға салып, кедергілерді біріге еңсеруге әрекет етеді.
«Негізі марафонға қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына жатқызылатын көпбалалы әрі мүжәлсіз отбасы балалары, ерек қабілетімен дараланатын шәкірттер қатысады. Марафонға «Астана Банкі», «Ойнатаун», «Киндерланд» «Бәйтерек» сынды сауда және ойын-сауық орталықтары қаржылай қолдау танытты. Сайыстан соң қатысушылар тегін кино көруге, ойын аттракциондарында ойнауға мүмкіндік алды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар әзірленді»,-дейді «ЮСИМАС» академиясының жетекшісі Мейрамгүл Сәкенова.
№17 орта мектебі мен Халықаралық зияткерлік даму академиясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Соның нәтижесінде, мектеп ғимаратында академияның арнайы кабинеті қызмет етеді екен.
Марафон шәкірттердің жас ерекшеліктері бойынша 3 санатқа бөлінеді. Мектепке дейінгі мекемелерде білім алатын бүлдіршіндер, 1 және 2 сынып оқушылары білім сайысына қатыса алады.
Биылғы «Білім жолы» марафонында «Аян» және «Жанель» балабақшаларының балауса бүлдіршіндері де бақ сынасты.
«Біздің балабақша атынан жеті бала қатысты. Олардың дайындықтары жақсы. Біздің бүлдіршіндер әр түрлі білім сайыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Тәжірибелі мамандар қызмет етеді. Мәселен жуырда ғана балабақша тәрбиешісі «Үздік жыл педагогы» конкурсында үшінші орынды иемденді. «Аян» балақбашасы - Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру қауымдастығына мүше. Сондықтан балдырғандарға тәрбие беруде білім дағдыларын дамытуға аса көңіл бөлеміз»,-дейді «Аян» балабақшасының директоры Гүлзира Оразбаева.
Білім бәсекесі өз мәресіне жетіп, әділ қазылар алқасының шешіміне сәйкес жеңімпаздар анықталды. «Жанель» балабақшасы бүлдіршіндері «Ақылды балапандар», «Аян» балабақшасы «Біздің жұлдыздар» номинациясында жеңімпаз атанды. №4 гимназия оқушылары «Білімділер», С.Қондыбай атындағы №22 орта мектеп шәкірттері «Асыл мұра», №13 орта мектеп-гимназиясы «Алғырлар мен тапқырлар», №8 орта мектеп «Ел мақтанышы», №17 орта білім ордасы «Зияткерлер», №20 М.Әуезов атындағы білім ұясы «Жас қырандар», ал №24 орта мектеп «Алтын тұғары» номинациясын жеңіп алды. Балалалар мен бүлдіршіндер бағалы сыйлықтарды иемденіп, мәре-сәре боп тарқасты.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ