©
22 сәуір күні облыс орталығындағы «Каспий» спорт кешенінде дзюдо күресінен «Маңғыстау ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшылары, халық батырлары Иса-Досан» жүлдесіне арналған ашық республикалық турнир жалауын желбіретеді. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған байрақты бәсекеге еліміздің Астана мен Алматы қалаларынан және 14 облыстан жиналған балуандар бақ сынамақ. Бұл жайында Маңғыстау облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен пресс-конференцияда айтылды.
- Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев әр Жолдауында салауатты өмір салтын сақтап, жастарды спорттық шараларға тарту, елімізде спорттық жарыстарды ұйымдастыру қажеттігін айтады. Мемлекет басшысының сындарлы саясатын ұстанған біздің ұжымымыз да талай талантты жастарды спортқа баулып, республикалық, халықаралық жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Жалпы біздің спорт мектебінде дзюдо, самбо күресі, баскетбол, волейбол, жекпе-жек сайысы, көркем гимнастика және шахмат секцияларына 700 бала қатысады. Оларға 30 бапкер дәріс береді. Одан бөлек Маңғыстау ауданы Шебір, Жыңғылды ауылындағы мектеп-интернаты жанынан Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауданынан самбо және дзюдо күресінің секциялары ашылды. Болашақта ол жерден тәлім алған жастар бірнеше республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, аймақ абыройын асқақтатады деп сенемін. Ал, «Маңғыстау ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшылары, халық батырлары Иса-Досан» жүлдесіне арналған ашық республикалық турнир өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа 2002-2004 және 2005-2007 жылы туған 600 жасөспірім ұл, қыздар қатысады деп күтілуде. Турнир алдында спортшылардың жаттығу жасап, таразыға өлшенуіне «Жас Батыр» спорт мектебінде үш дзюдо татамиі және екі самбо кілемі төселген. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін облыстық спорт басқармасы, облыстық дзюдо федерациясы, «Иса-Досан» ұрпақтары атсалысуда,-дейді облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов.
Басқосуда облыстық спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов, облыстық мәслихаттың депутаты, халық батырлары «Иса-Досан» ұрпағы, жарыстың демеушісі Нұрпейіс Сәрсенбай, облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті Асылбек Тұрарұлы сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мұнан кейін облыста спорт саласының дамуына үлес қосқан Гаухар Чайкузова, Нұрғаным Имашева, Гүлмира Бурхандинова, Асылбек Тұрарұлы, Жомарт Қобланов, Абат Жұмалиев, Ғайса Қалмұханов, Қанат Жұмабаев, Асқар Ағатаев, Ақсындар Шораева, Иса Бимырзаев «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін» және «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалдарымен марапатталды.
Жарысты спорт жанкүйерлері 22-23 сәуір күндері 1 шағынаудандағы «Каспий» спорт кешенінен тамашалай алады.
Венера МИРЛАН, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН.