©
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. 21 сәуір күні Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс ХХVІ конференциясы өтті. Конференцияға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттық фракциясының мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысты. Конференцияда бірінші кезекпен облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Қаныбек Жұмашев партия филиалының жұмысын одан әрі күшейтуге ықпал етеді деген сенімін білдіріп, Ералы Тоғжановқа төраға куәлігін тапсырды. Конференцияда ҚР Президенті, Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тапсырған жаңа міндеттері талқыланды. Баяндама бойынша «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, партия ардагері, Қайролла Ережепов, партия ардагері, ұстаз, ақын Сабақбай Тілегенов, Түпқараған аудандық филиалының делегаты, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген «Ақшұқыр» мектеп-лицейінің директоры Қаламқас Тілеубаеваға, сондай-ақ, Болашақ» бағдарламасымен шетелде білімін жетілдірген жастың бірі, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің директоры Марат Себасов өз пікірлерін білдірді. - Баршаңызға белгілі, қазіргі уақытта кейбір облыстарымызда төтенше жағдай туындап, азаматтардың басына қиыншылықтар түсіп отыр. Осыған байланысты азаматтарымыз шамасы келгенше қол ұшын беріп, қандастарымызға алдындағы бауырлық міндетін атқарып, көмек беріп жатыр. «Әр қазақ менің жалғызым» деген сөз елдің қамына бей-жай қарамайтын кез-келген азаматтың ұраны. Осындай игі іске барлығымыз бір адамдай үлес қосып, біркүндік еңбекақымызды баспанасыз қалған бауырларымызға аударайық деген ұсынысым бар, - деді облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжанов. Өңір басшысы «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ардагерлер одағын құруды ұсынды. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізілді. Бюро құрамына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Бақыт Иманбаев кірді.Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ