©
Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам қолдауына, жан жылуына әркез мұқтаж. Мүгедек жанның көңіліне қаяу түсірмей, өмір жолында кездесетін кедергілерді еңсеруге ерік-жігер сыйлау, өмірге зор қызығушылығын ояту, сын сағатта салы суға кетпей, дені сау жанмен иық тірестіріп толыққанды еңбек ете алатынына сендіру қоғам мойнына артылған міндет деп білемін.
Себебі, олар - сырт көзге дене тұрқы, мінез-құлқы ерек болғанымен, ақыл-есі сау, ой-өрісі кең, қиялы ұшқыр, зердесі зерек жандар. Бір басына бар талантты үйіп-төгіп берген, жаратылысы бөлек, ой-қабілеті ерек мүгедек жандарды да өмірде кездестіреміз. Мүмкіндігі шектеулі балалар балғын жастан бастап арнайы күтімге зәру. Олардың қабілет-қарымын дамыту, қоғамдық ортаға бейімдеу, талант-дарынын танып білу үшін жеке тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі қажет-ақ. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған байқаулар мен сайыстарды ұйымдастыру бұл бағытта маңызды рөл ойнайды. Дәстүрлі жалғасын тауып келе жатқан мүгедек балаларға арналған сайыстардың бірі - «Айналаға мейірім шаш» шығармашылық фестивалі. Биыл «Луара» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен фестиваль оныншы мәрте өткізілді.
«Ерекше туылған балалардың мүмкіндігін шектеулі деп ойлау жаңсақ пікір. Олар үшін қолайлы орта, кедергісіз қоғам қалыптастыру қажет. Бүгін 130-дан аса қолөнер бұйымдары таныстырылады. Шығармашылық фестивальге облыс бойынша 20 мекеме белсенді ат салысты. Олардың қатарында Шетпе, Бейнеу аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, Қарақия, Маңғыстау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп-интернат, көзі жанары нашар және құлағы естімейтін әрі психикалық дамуында ауытқуы бар балаларға арналған балабақшалар бар»,-дейді Лаура Асырова.
Елбасының «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясына қолдау танытқан фестиваль ерекше күтім мен қамқорлықты қажет ететін бала тәрбиелеп отырған отбасы бірлігін нығайту, жанұя құндылығын дәріптеу, балалардың шығармашылық қабілетін жан-жақты дамытуды көздейді. Биыл фестиваль екі кезеңнен құралады. Ең алдымен өңірдің сан түкпірінен жолданған мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер мен қылқалам туындылары көрме-жәрмеңкеге қойылып, көрермен назарына ұсынылады. Облыстық өлкетану мұражайында оқушылар мен бүлдіршіндер ығы-жығы. Көрме сөресінде қаз-қатар тізілген қолөнер бұйымдары көркімен көздің жауын алады. Кез келген бұйымда иесінің қиял өрнегі бедерленген, ой-өресінен, сана-сезімінен тұңғиық сыр шертеді. Тері, киіз, мата, кітап, картон, жылтыр тастардан құрастырылған композициялар, макеттер мен суреттердің дені «Экспо 2017» халықаралық көрмесін» негіз еткен.
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған іс-шаралар мұражай аумағында жиі өткізіледі. Жуырда ғана мерзімді басылым бетінде Елбасы мақаласы жарияланған еді. Біз жаһандық өркениет биігіндегі отыздық шоғырына қосылуды мақсат тұттық. Рухани жаңғыруға, сана-сезімімізді дамытуға ұмтылып келеміз. Ал жас ұрпақ білім-ғылымды игеріп, үш тілді жетік білуі тиіс. Өнер мен білімді ұштастырғаны жөн»,- деді Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми хатшысы Ғалия Шантимирова.
Көрме-жәрмеңкеге қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бисенғали Кенжалиев пен Ақтау қалалық мәслихат депутаты Қуаныш Есетов арнайы қатысып, өнерлі балалардың қолынан шыққан дүниелерді тамашалады. Жергілікті билік өкілдері жас буынға сәттілік тілеп, тағдыр сынына мойымай, келешекке сеніммен қарауға шақырды.
Игі шараға №42 «Түймедақ» балабақшасының бүлдіршіндері де атсалысты. Қаз-қатар тізілген балдырғандар тақпақтатып, қонақтар көңілін бір серпілтті. Шығармашылық фестивалдің екінші кезеңі мамыр айында өткізіледі деп жоспарланған. Екінші кезеңде қатысушылар отбасылық құндылықтарды дәріптейтін сахналық қойылым қойып, бақ сынасады.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ