Облыс орталығында алғаш рет мектепке дейінгі ұйым басшылары арасында «Жаңашыл басшы-2017» байқауы өтті. Маңғыстау облыстық білім басқармасы мен облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының ұйытқы болуымен өткен байқауға 11 үміткер қатысып, бақтарын сынады.
-Мақсат-мектепке дейінгі ұйымдағы заманауи менеджмент саласындағы ұйымдастырушы шығармашыл басшыларды анықтау, оның менеджерлік құзыреттілігін, басқарушылық стилін, ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіру, қоғамдағы әлеуметтік беделін қалыптастыру. Бұған дейінгі аудандық, қалалық байқау кезеңдерінде 25 мектепке дейінгі ұйым басшылары қатысты. Ол жерден жеңімпаз атанған 11 басшы облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Бүгін олардың арасынан үздіктерді анықтап, марапаттайтын боламыз-дейді облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының директоры Айгүл Тоқбаева.
Байқауға қатысушы үміткерлер жетістіктер портфолиосы бойынша бірлестік қызметіндегі басшы рөлін, басқару стилін, оның ерекшелігін көрсетті. 30 минуттың ішінде 25 сұраққа жауап беріп, тест тапсырды. Одан кейін «Заманауи басшы бейнесі» тақырыбында эссе жазып, қазіргі менеджменттік басқардың инновациялық мәні туралы баяндады.
- Әкем-ұстаздық салада ұзақ жылдар жұмыс істеді, анам-тәрбиеші. Сондықтан да анамның қалауымен тәрбиеші мамандығын таңдадым. Жоғары оқу орнында білім алған соң алғашқы еңбек жолымды Бейнеу ауданындағы «Самал» балабақшасынан тәрбиеші болып бастап, кейін әдіскер болып қызмет еттім. 2016 жылдан бастап «Күйкен» балабақшасының директорымын. Біздің балабақшада 140 балаға тәрбиеленеді. Тәрбиешілеріміз де қоғамдық жұмыстарға, мәдени шараларға белсенді түрде қатысып тұрады. Қызметкеріміз Жұлдыз Тілегенова аудандық «Үздік тәрбиеші-2016» байқауында екінші орынды иеленді. Одан бөлек тәрбиеленушілеріміз де сурет салудан өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ал, бүгінгі «Жаңашыл басшы-2017» байқауының аудандық кезеңіне 6 үміткер қатысып, мен бас жүлдені иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алған болатынмын. Дайындығым жақсы, жүлделі орыннан үміттімін,-дейді Бейнеу ауданы «Күйкен» балабақшасының директоры Қаракөз Көрпелиева.
Барлық талаптан сүрінбей өткен қатысушылар алғысхаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Сайыс қорытысында бас жүлдені Қарақия ауданы «Болашақ» балабақшасының директоры Гүлайым Бөлтекова қанжығалады. І-орынға Мұнайлы ауданы №11 «Шағала» балабақшасының директоры Нұрзина Жұмағалиева лайық деп танылса, ІІ-орыннан Ақтау қаласы №29 балабақшасының директоры Ботагөз Тілесова мен облыстық «Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы балабақшасы» директоры Шамшагүл Раисова көрінді. ІІІ-орын Жаңаөзен қаласы №11 «Балдырған» балабақшасының директоры Нұрсұлу Жақыпбекова мен Бейнеу ауданы «Күйкен» балабақшасының директоры Қаракөз Көрпелиеваға бұйырды.
Венера МИРЛАН