Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ХІІ «Жұлдыз-ай» шығармашылық фестивалі мен спартакиаданың облыстық кезеңі өтті. Басты мақсат-мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік белсенділігін, шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, шеберліктерін шыңдау. Фестивальге бұл жолы өңіріміздің талантты 118 оқушысы қатысып, өнерлерін көрсетті. - Фестивальге арнайы жалпы білім беру мектептерінің оқушылары мен жетекшілері, жалпы білім беру ұйымдарындағы арнайы сынып оқушылары, үйден оқитын оқушылар қатысуда. Дәстүрлі түрде өткізілетін «Жұлдыз-ай» шығармашылық фестивалінің биылғы ерекшелігі өнер жағынан бөлек, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында екінші кезең спорттық жарыстармен жалғасын табады. Одан бөлек оқушылардың қолөнер бұйымдарынан көрме мен сурет байқауы ұйымдастырылуда. Фестивальде үздік өнер көрсеткендерді «ВІ Жұлдыз-ай» корпоративтік қорының өкілдері таңдап алып, 1-маусым балаларды қорғау күніне орай республикалық деңгейде ұйымдастырылатын шараға қатыстырады. Бүгінгі шараға қатысушы барлық оқушыға облыстық білім басқармасы атынан планшет сыйға беріледі және мейрамханада мерекелік дастархан жайылады. Жалпы өңірімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық, әлеуметтік қолдау көрсететін, түзету жұмыстарын жүргізетін 13 мекеме, 6 білім беру ұйымдары мен облыстық мектеп интернаты бар. Одан бөлек аудан, қалаларымыздағы 16 мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 24 сынып қарастырылған. Ол жерде 128 бала білім алуда,-деген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова аймақта мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі оқушы бар екенін айтты.
Фестивальдің бірінші кезеңі «Хан Шахар» салтанат сарайында өтті. Онда қатысушылар ән айту, би билеу, әнді ым-ишаратпен айту, қолданбалы көркемөнер, бейнелеу өнері бойынша шеберліктерін ортаға салды. Бейнеу ауданы Абай атындағы орта мектептің оқушысы Карима Қаржаубаева өзбек биін, облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп интернаты (ОМШБАМИ) оқушылары «Балбырауын» биін, №3 АЖББМ оқушылары үнді биін, Бейнеу ауданы Ж. Қалдығараев атындағы орта мектептің оқушысы Айдана Мұхаматдинова орыс биін мың бұрала биледі. Жаңаөзен қаласындағы оңалту орталығының оқушысы Өсербай Эскунай «Бол жанымда» әнін, №5 арнайы білім беру мекемесі (АЖББМ) оқушысы Фариза Өтемісова «Гүлдерайым» әнін, ОМШБАМИ оқушысы Дәулет Нұрсұлтан «Отаным» әнін, Бейнеу ауданы Абай орта мектебінің оқушысы Пердегүл Баймұратова «Бала тілегі» әнін, Жаңаөзен қаласы оңалту орталығының оқушысы Бекзат Тұранов «Тәтті ару» әнін, Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейінің оқушысы Эльмира Тапымова «Қазақстаным менің» әнін, ОМШБАМИ оқушылары «Алматының түні» мен «Отаным» әндерін шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
-Бүгінгі фестивальге Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейінен оқушым Эльмира Тапымованы алып келдім. 12 жастағы оқушым өнерге жақын, жергілікті композитор К. Ыбыраевтың «Қазақстаным менің» әнін орындайды. Диагнозы-логоневроз. Яғни, тіл кемістігі, сөйлегенде тұтығады. Сабақта жазбашаға өте жақсы, тұтығып сөйлегендіктен ауызшаға келгенде ұялып, өз ойын еркін жеткізе алмайды. Бұрын оқыған мектебінде шеттеткен болуы керек, біздің ортаға келгенде ашушаң, күйгелек болды. Жалпы біздің арнайы сыныбымызда 5 оқушы бар. Олардың арасында даун, тіл кемісті, ақыл-есі кеш дамыған балалар бар. Әрине, бұл балалармен жұмыс жасау оңай емес. Ақпаратты тез қабылдай алмайды, кез келген адаммен сөйлеспейді. Балаларды ортаға қосу үшін көп ізденемін, арнайы семинарларға қатысып, білімімді толықтырып отырамын. Оқушыларымның ата-аналарымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймын,-дейді Ақшұқыр мектеп-лицейінің арнайы сынып мұғалімі Гүлмира Шүренова.
«Каспий» спорт кешенінде өткен фестивальдің екінші кезеңінде оқушылар мини футбол, асық ату, жеңіл атлетика, үстел теннісінен сынға түсті.
-Біздің білім ошағында ақыл-есінің қалыпты дамуы жетілмеген деп диагноз қойылған 141 оқушы мен психикалық дамуы тежелген 55 тәрбиленуші бар. Бүгінгі фестивальге қатысып, ән айту үшін 2 оқушымызды және спорттық шараларға қатысу үшін 11 оқушымызды алып келдік. Оның 2-уі асық атудан, 4-уі жеңіл атлетикадан және 5-уі шағын футболдан бақтарын сынайтын болады. Өткен жылы Бекарыс Беркалиев атты оқушымыз талантымен көзге түсіп, «Жұлдыз-ай» шығармашылық фестивалінің республкиалық кезеңіне жолдама алғанын мақтанышпен айта аламыз. Нәтижиелі жұмысымыздың арқасында өткен жылы психикалық дамуы тежелген 15 тәрбиеленуші сауығып, балабақшаға жіберілді. 2010 жылы ашылған білім ордасында бүгінгі таңда 41 ұстаз еңбек етеді,-дейді Жаңаөзен қалалық ақыл-есінің қалыпты дамуы жетілмеген және психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы (түзету) мектеп-балабақшасының директоры Ақсәуле Жалмұханова.
Венера МИРЛАН