Дәстүрлі түрде облыстық деңгейде өткен «Маңғыстау аруы-2017» сұлулық байқауының жеңімпазы анықталды. Көркіне ақылы сай 8 арулардың арасынан 16 жастағы Аяжан Сакиева топ жарып, байқаудың республикалық кезеңінде аймақтың намысын қорғауға мүмкіндік алды.
- Бүгінгі байқаудан жеңімпаз атанып, облыстың атынан «Қазақстан аруы» байқауына қатысуға жолдама алғаным үшін өте қуаныштымын. Жалпы модельдік мектепке қатысып жүргеніме төрт жыл және хореографиямен айналысып жүргеніме бес жыл болды. Бұған дейін байқауға қатысуға жасым сай келмей жүретін. Бүгін байқауға алғаш рет қатысып, бас жүлдені иеленгеніме өте қуаныштымын. Енді мықты дайындықты қолға алып, Маңғыстау намысын республикалық кезеңде абыроймен қорғайтын боламын, - дейді "Маңғыстау аруы-2017" байқауының жеңімпазы Аяжан Сакиева.
Биыл жиырмасыншы рет өткізілген байқауды Татьяна Коробейникованың модельдік агенттігі ұйымдастырды. Сыртқы сұлулық пен ішкі әдеміліктің үйлесімділігі қатар сыналатын байқауға қатысуға 60 ару ұсыныс білдіріп, олардың арасынан 8-і іріктеліп алынған.
- Бүгін байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алған арулар өз өнерлерін көрсетті. Алдымен қатысушылар өздерін таныстырып, «Таланттар шоуы» номерінде өнерлерін көрсетіп, дефиледе жүріп, әр түрлі ұлттардың биін биледі. Барлық сыннан сүрінбей өтіп, қазылар алқасының жоғары бағасын алған №21 орта мектептің 10 сынып оқушысы Аяжан Сакиева «Қазақстан аруы-2017» байқауына жолдама алды. Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі-қонақ ретінде 2009 жылдан бері байқауда жеңімпаз атанған арулар шақырылды, - дейді модельдік агенттік директоры Татьяна Коробейникова.
Сондай-ақ, байқау қорытындысында «Көрермендер көзайымы» аталымы Вероника Осиповаға бұйырса, «Ғаламтор аруы» мен «Үздік номер» аталымына Айша Кайырбаева лайық деп танылды. Өзге қатысушылар да демеушілердің бағалы сыйлықтарымен марапатталды.- Бүгінгі байқауға қонақ ретінде шақырылып отырмын. Осыдан екі жыл бұрын дәл осы сахнада мен де өнер көрсетіп, қатты қобалжыған едім. Бағым жанып, 10 арудың арасынан топ жарып, «Маңғыстау ару-2015» байқауынан екінші орынды иелендім. Кейін Батыс Қазақстан арулары арасында өткен сұлулық байқауында бағымды сынадым. Дәл сол жылы желтоқсан айында Астана қаласында өткен «Қазақстан аруы-2015» байқауына қатысып, еліміздің ең сұлу аруы атандым. Бұл байқау менің Вашингтонда өткен «Әлем аруына» қатысуыма жол ашты. Әр елден жиналған 120 арудың арасында бағымды сынайтындықтан аз уақыттың ішінде домбыра тартуды үйрендім. Байқауда домбырамен халық әнін орындап, қазақ биін бидім. Қарапайым отбасында дүниеге келген мен үшін мұндай байқауларға қатысу қол жетпейтін армандай көрінетін... Бүгінгі таңда мен бір әулеттің келінімін. Сондықтан да алдағы уақытта сұлулық байқауларына қатысып емес, керісінше осындай байқауларды ұйымдастыруды және қайырымдылық шарасын өткізуді жоспарлап жүрмін, - дейді «Қазақстан аруы-2015» байқауының жеңімпазы Әлия Мергенбаева.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН