Жыл сайын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен Маңғыстау филиалы «Мейірбике» колледжінде өтетін ҚР Кіші ғылым академиясының ХҮІІ облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ғылыми жарыстың қазақ тілі мен әдебиеті секциясы бойынша Ақтау қаласы, № 16 орта мектептің 10-сынып оқушысы Асылмұрат Битанов І орынға ие болып, республикаға жолдама алды. Ғылыми жетекшісі Маржан Жайлыбаеваның басшылығымен «Қаламқас әулие қорымы» тақырыбында зерттеу-баяндамасын қорғаған Асылмұрат Битановтың бұл тақырыпты таңдауының өзіндік сыры бар болып шықты. Елжанды жасөспірім туған жердің тарихи атауының шығу төркінін зерттеп, бүгінгі күнде үлкен маңызы бар кенорынның атауын қоса иемденіп отырған тарихи тұлға Қаламқас әулиенің есімін жалпы елге таныту мақсатында осы жобасын қорғауға ниет қылғанын айтты. «Маңғыстау түбегіндегі ежелгі қорымның атын иеленіп, мұнда жатқан небір ауызымен құс тістеген байдың да, бағыланның да, батырдың да бәрінен жас өрім Қаламқас арудың есімінің озып тұрғаны неліктен? Өйткені ол жаугершілік заманда ат үстінен түспеген, белінен бес қаруын тастамай, ел қорғаны азаматтарымен бірге талай қанды жорықтарға қатысқан, Отанын басқыншылардан қорғаған батыр қыздарымыздың бірі. Ал бейбіт күнде ауыл – аймақты азық түлікпен қамтамасыз етуге белсене араласқан аңшы – мерген атанған ержүрек ару. Әрі ел мақтанышына айналған ерекше жаратылыс иесі Қаламқас осынау табиғи тынысты мекенді Адай жұрты қайта қоныс еткелі өлке өмірінде жер бетіне алғаш түскен, бірінші жерленген ару әйел қауымынан шыққан әз әулие екендігін үлкендер аңыз емес, әріден келе жатқан жаны бар әңгіме ретінде өрбітеді. Міне, сондықтан Бозашы түбегінде Каспий теңізінің жағалауына орналасқан жердің әз әулие Қаламқас қыздың атымен аталмауы мүмкін емес!» деген тұжырым жасайды Асылмұрат. Жергілікті тұрғындар Қаламқас есіміне қатысты тарихты жақсы білгенмен, сырт аймақтардың кенорынға қатысты атаудың кімге, қалай пайда болғаны туралы терең біле бермеуі мүмкін. Міне, осы олқылықтың орнын толтыруға өз үлесін қосқан Асылмұрат есімді талапкер туған жер атауына қатысты аңызға айналған тарихи шежірені дәлелді деректер арқылы тірілтуді мұрат тұтыпты. Талапты жас зерттеу жұмысын қорғау барысында жергілікті ақын-жазушылар Айтуар Өтегенов, Ғалым Әріп, Шәрелхан Әленовтің, мифолог, өлкетанушы Серікбай Қондыбайдың еңбектерін жүйелі пайдалана білген. Республикалық жарысқа аттанар алдында Асылмұратқа сәтті сапар тілейміз! Туған жердің шежіресін болашақ игілігіне жаратуға, жас ұрпақтың жадына тоқытуға өз үлесіңді қоса бер демекпіз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ