Маңғыстау облыстық соты мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті өзара ынтамақтастық туралы меморандумға қол қойды. Шараға облыстық соттың төрағасы Жақсылық Аланов, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-нің ректоры Әділбек Ботабеков және облыстық соттың судьялары қатысты.
Екі жақты келісімнің негізгі мақсаты-тараптар мүмкіндіктерін біріктіре отырып, азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын заң аясында қорай алуына, құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосу, заң саласы мамандарына практикалық көмек көрсету. Сондай-ақ, меморандум аясында судьялар студенттер алдында дәрістер оқу, көпшілікке арналған пресс-тур өткізу жұмыстарын жоспарлап отыр.
- Заңгер болған соң құқықтық реформадағы әр өзгеріс, әр жаңалық біздің назарымыздан тыс қалмайды. Бүгінгі күні жаңа заман талаптарына сай маман иесі болу, оның ішінде жоғары санатты білікті маман болу үшін адам үздіксіз оқу процессін өмірінің барлық кезеңінде жалғастырып отыруы тиіс. Маңғыстау облыстық соты ҚР Жоғары сотының қабылдаған сот стратегиясын жүзеге асыру мақсатында біраз жұмыстар атқаруда. Соның дәлелі-бүгінгі шара,-деген облыстық соттың төрағасы Ж.Аланов оқу процесін сот тәжірибиесінің материалдарымен толықтыру және сот төрелігін жүзеге асыру бағытында ғылыми ізденістерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
ЖОО-ның ректоры меморандумға қол қоюдың болашақ заң қызметкерлерін даярлаудағы маңызды қадам екенін айтты.
- Мекемелермен біріге отырып маман дайындау біздің мемлекетіміздің болашағын жарқын етудің бүгінгі қамы деп түсінуіміз керек. Студенттер сот орындарында оқу және өндірістік тәжірибеден өту барысында сот жүйесінің және сот төрелігінің қызметімен танысатын болады. Бұл олардың судья кәсібін саналы түрде таңдауына мүмкіндік береді,-деді ректор.
Кездесу барысында облыстық соттың судьясы Г.Бақытжанова қатысушыларға сот жүйесіндегі реформалар және Сот білімі стратегиясы туралы, университеттің «Құқықтану» кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты С.Әлібеков жоғары білімді заңгерлерді даярлаудың өзекті мәселелері жөнінде баяндамалар жасады.
Шара соңында меймандар облыстық соттың кеңсе жұмысымен, сот залдарымен, күту залдарымен, оқу және баспасөз орталықтарының, сот процесін аудио-бейнетіркеу жүйесінің, интернет-ресурсындағы «Сот кабинеті» сервисінің жұмыстарымен танысты.
Венера МИРЛАН