©
Бәрі де адам үшін!
Ауыз су — органолептикалық қасиеттері (иісі, дәмі, мөлдірлігі, т.б.) және химиялық құрамы адам организмі үшін қауіпсіз болып табылатын табиғи су. Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді. Осыған байланысты ауыз суға мемлекеттік санитарлық талаптар қойылады.
Олардың негізгілері: иісі мен дәм көрсеткіші 0 балдан аспауы керек; түсі 00-тан төмен, мөлдірлігі 00 см-ден артық; лайлығы 0 мг/л-ден аз, кермектілігі 7 – 10 ммоль болуы керек. Ауыз судың кермектігін анықтайтын кальций, магний тұздары аз болса, адам сүйегінің морттылығы өсіп кетеді. Фтордың ауыз судағы мөлшері 0,7 – 1,5 мг/л-ден төмен болуы – флюороз және кариес, темірдің, кобальт, мыстың жетіспеуі – анемия, бордың аз болуы асқазан, никельдің кем болуы – көз ауруларына шалдықтырады.
Ауыз судың температурасы 8 – 150С аралығында, минералдығы 1 г/л-ге дейін болуы тиіс. Ауыз суға сондай-ақ нитраттар мен нитридтердің мөлшері, 1 л судағы ішек таяқшаларының саны (коли-индекс) бойынша т.б. талаптар қойылады.
АУЫЗ СУДЫ ҚАЙДАН АЛЫП ОТЫРМЫЗ?
Бүгінгі таңда Қазақстанның көптеген өлкелерінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Облыс орталығы-Ақтау қаласының іргесінде орын тепсе де ауыз суды тасып ішетін Мұнайлы ауданының тұрғындары үшін ауыз судың сапасынан бұрын оны ауласына жеткізу кешегі күні арманмен бірдей еді. Бірақ облыс басшылығының қолдауы мен аудан әкімдігінің қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісінің арқасында бұл жұмыс бүгінде біртіндеп жүзеге асып жатыр. Біз бүгін оқырмандарымызға Мұнайлы ауданы мен Құрық елді мекендерін сумен қамтып отырған «Каспий» су тұщыту зауыты жайлы айтпақпыз. Аумағы 6 гектар жерді алып жатқан алып өндірісті өз көзімізбен көріп, сапалы ауыз судың қалай дайындалатындығын әңгімелеп бермекпіз.
Зауыт 2004 жылы 24 шілдеде ашылған. Каспий теңізінің суын тұшытуға арналған зауыттың жобасын «Маңғыстаумұнайгаз» ААҚ-ның тапсырысымен Мәскеудегі «М.В.Келдыш атындағы Зерттеу орталығы» Федералдық Мемлекеттік унитарлық кәсіпорны жасап шығарды. Бірақ, зауыт біраз уақыт бойы жұмыс жасамай, тоқтап тұрды. Тек 2011 жылдың қаңтар айында «Маңғыстаумұнайгаздан» облыстың коммуналдық меншігіне, одан әрі «Каспий» Акционерлік қоғамы ұлттық компаниясы әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» балансына ақысыз түрде өткізіліп, 2014 жылдың мамыр айынан бастап «Каспий» зауыты Мұнайлы ауданының үш елді мекені – Басқұдық, Маңғыстау және Қызылтөбеге ауыз суын жеткізе бастады.
Бұл – тәулігіне 4,5 – 5 мың текше метр көлеміндегі ауыз суы еді. Халық санының қарқынды өсуіне байланысты бұл көрсеткіш қазір 7-8 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Десек те, аудан халқының қазіргі жағдайына 8-8,5 мың текше метр су беріліп отыр. Қазір зауытта 120-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Каспий» зауыты іске қосылғаннан кейін Мұнайлының елді мекендерін сумен қамтуды осы зауыт өз мойнына алған. Бұл «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС мен «Каспийдің» өзара бәсекелестігі емес, халық қамына орай жасалған серіктестігі болып табылады. Бүгінде Мұнайлыға су тұрақты беріліп отыр.
Зауыт мамандары және «Каспий ӘКК» (Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы) ҰК» АҚ-мен зауыт жабдықтарының техникалық жағдайына сараптама жасалып, қажетті жөндеу жұмыстарының көлемі анықталып, жаңғырту бойынша халықаралық компаниялардың техникалық-экономикалық ұсыныстарына талдау жасалды. 2011 жылдың бағасы бойынша жұмыстардың құны 1,7-ден 3,8 млрд. теңгеге дейін болды.
Облыс әкімдігі мен «Каспий ӘКК» ҰК» АҚ қысқа мерзім ішінде төмен шығынмен зауытқа күрделі жөндеу мен жаңғырту жүргізу туралы шешім қабылдады. 2014 жылдың қаңтар айында «Каспий ӘКК» ҰК» АҚ зауытқа 50 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп, нәтижесінде 2014 жылдың 28 мамыр айында тәулігіне өнімділігі 4500 текше метрге дейін баратын зауыт іске қосылды. Және Мұнайлы ауданының Басқұдық, Қызылтөбе, Маңғыстау елдімекендерінің тұрғындарына (90000 адам) ауызсу жіберу мүмкін болды.
Облыс әкімімен аймақ тұтынушыларының ауыз сумен үздіксіз қамтылуы және 2019 жылға дейін тоқтаусыз зауыт қуатын тәулігіне 40000 текше метрге дейін кезең кезеңімен арттыруды көздейтін жаңғыртуды жүргізу тапсырылды. Бұл мақсатқа жету үшін 145 млн. теңгеге ҚЭН (қаржылай-экономикалық негіздеме) жасақталып, соның арқасында күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға, тозған тұщытқыш қондырғыларды, техникаларды алмастыруға, жөндеуге мүмкіндік туды. Осы мүмкіндік арқылы 2015 жылы зауыт қуатын тәулігіне 10000 текше метрге дейін арттырып, аграрлық-өнеркәсіптік кешеннің пилоттық жобасын және Мұнайлы ауданының Батыр және Қарақия ауданының Құрық елдімекенін ауызсумен жабдықтаумен қамтыды.
Сондай-ақ, 3 млрд. 228 млн. теңге көлеміндегі сомада зауытты жаңғырту бойынша ҚЭН мен ТЭН (техникалық-экономикалық негіздеме) жасақталып, оң қорытындылар шықты. Аталмыш жобаны қаржыландыру және ескі қондырғыларды жаңа заманға сай технологиялармен алмастыру 2017 жылдың маусымына зауыттың қуатын тәулігіне 30000 текше метрге дейін арттыруға септеседі.
ӨНДІРІСТЕ ҮШ ЦЕХ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ
Біріншісі – суды дайындау цехы. Мұнда 35 сүзгі бар. Бұлар теңізден келген суды шөп-шалам, балдыр-батпақ, лас-қоқымдардан ажыратады.
Зауыттағы цехтың екіншісі – тұзсыздандыру цехы. Бұл негізгі цех саналады. Мұнда алты қондырғы жұмыс жасайды. Әйтсе де, кәсіпорын «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы мемлекеттен субсидия алып, қаражатқа құрылғылар жаңартылыпты.
Үшінші цех – тұзсыздандырылған суды химиялық элементтермен байытады. Тұздан арылған су осы цехқа келеді. Ол жерде суға кальций қосылады, хлорланады. Хлормен өңдеу – ауыз суды залалсыздандыру, яғни бактериялардан тазарту үшін жасалады. Зауыт мамандарының айтуынша, бір литр ауыз судың құрамында 30 мм-ға дейін кальций болу керек.
Тұтынушылар қажетіне жұмсалар су зауытта тәулік бойы тазаланады. Қызметкерлер екі ауысыммен жұмыс жасайды. Цехта өңделген су зертханашылардың да жіті сүзгісінен өтеді. Мамандар тіршілік нәрінің құрамына әр түрлі сараптама жасайды. Дәмі мен түсі талапқа сай келген сапалы су ғана тұтынушыға жіберіледі.
ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ - ЖОҒАРЫ САПА КЕПІЛІ
-Біздің зауыт аймақтағы теңіз суын тұщытатын екінші кәсіпорын. Алайда, «Маңғыстау атом электр комбинаты» ауыз суды теңіздің суын қайнату арқылы әзірлейді. Ал, біз әлемде енді-енді қолданысқа енгізіліп жатқан кері мембрана әдісі арқылы таза ауыз су дайындаймыз. Судың сапасы мен дәміне мамандар жоғары баға берді. Біздегі көрсеткіш 30 мың текше метр болса, МАЭК-тің қуатына жетіңкіреп қалдық деген сөз. Орта өндіріс үшін бұл үлкен жетістік. Жаңа құрылғылардың әрқайсысы 4 мың текше метрден. Оның 5-еуі бар. Сонда біз күн санап халық саны артып отырған Мұнайлы ауданының сұранысын қамтамасыз ете аламыз.
2019 жылдың бірінші тоқсанында зауыттың тәулігіне 40 мың текше метрге дейін су өндіруі үшін зауытты жаңғыртудың екінші кезеңі қаралуы тиіс. Бұл кезеңді дамыту жоспары–бес миллиард теңгені құрайды. Қаржының бір бөлігі ескі құрылғыларды жаңартуға, жаңа құбырлар құрылысына, автоқұйғыш машиналарды жаңартуға жұмсалатын болады. Ол өз кезегінде Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Сайын ауылдарын жүйеге қосуға, СЖОБ-4 арқылы техникалық судың жіберілуін Ақтау қаласының солтүстік бөлігіне ауыстыруға мүмкіндік береді. Зауыт орналасқан бұл жерден барлық аудандардың орталық магистралі өтеді. Апаттық жағдай болған кезде МАЭК-пен бір-бірімізді алмастыра аламыз. Зауыттың әлеуетін 100-120 мың текше метрге дейін өсіруге болады. Егер жоспар толықтай іске асса, Ақтаудың маңындағы елді-мекендер ауыз су тапшылығы деген мәселеден толық құтылады деп айта аламын. Зауыттағы озық құрылғылар ағымдағы жылдың қаңтарында арнайы Германиядан жеткізілді,- дейді «Каспий» су тұщыту зауытының директоры Владимир Мурашко бізбен әңгімесінде.
Бір қуанарлығы-зауыт басшылығы өндірісті жаңғыртуда тек бір елдің технологиясымен шектеліп қалмай, әлемнің су тұщытудағы ең озық деген құрал-жабдықтарын пайдаланып отырады екен. Бұл үрдісті шетелдік сарапшылар да жақында зауыт жұмысымен танысуға келген облыс басшысы Ералы Тоғжанов та айрықша атап өтіпті.
САПАРЫМЫЗДЫҢ МАҚСАТЫ-СУ САПАСЫ
Бізді қызықтырған басты мәселе де осы болатын. Құбырлардан сарылдап ағып тұрған суды татып көріп, біз ауыз судың сапасын тексеретін арнайы зертханаға бас сұқтық. -Теңіздің суы зауытқа келгеннен бастап барлық технологиядан өтеді. Сүзіледі, тұзсыздандырылады, құрамы химиялық элементтермен толықтырылады. 2015 жылы шыққан №209 бұйрық бойынша су көздеріне қойылған санитарлық талаптар бар. Біз сол талаптардан ауытқымауымыз керек. Егер су құрамында қандай да бір қоспалар аз болып жатса, зауыттағы диспетчерлер арқылы олар көбейтіліп, азайтылып, қалыпқа келтіріліп отырылады.
Зертханада су құрамындағы кальций, магнийге, сілтілігі (щелочность) мен кермектігіне (жесткость) талдау жасалынады. Судың көлемі өлшенеді. Арнайы құралдарда «тіршілік нәріндегі» хлорид, азот, нитрит, нитрат, фосфат, темір, т.т тексеріледі. Сонымен қатар бор, бетқабаты белсенді заттар жасалынады.
Ауыз суға адам ағзасына қажетті металдар санитарлық талапқа сай қосылады. Мысалы, су құрамындағы марганец 0,1 (0,5) мг/л аралығында, темір 0,3 (0,1) мг/л аралығында болуы керек. Сол сияқты санитарлық талаптарға сәйкес бор 0,5 мг/л, барий 0,1 мг/л, алюминий 0,5 мг/л-ден аз не кем болмағы тиіс,-дейді «Каспий» су тұщыту зауытының зертхана меңгерушісі Гүлшара Таубаева.
Шынында да біз ішіп көрген су сапасы халық ең көп тұтынатын «Тассай» суынан артық болмаса, кем емес екендігіне көз жеткіздік. Ал, зауыттан шыққан су құбыр арқылы діттеген жеріне барған соң тексеріле ме екен деген сұрақ қылаң берді. Сөйтсек, тексеріледі екен. «Маңғыстау-Жылу» МКК басшысы Бекбол Қазақбаевтың айтуынша, олар зауыттан келген ауыз суды біз аптасына бір рет «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалы, Мұнайлы аудандық бөлімшесінің зертханасына тексертіп отырады екен. Аталмыш мекемемен арнайы келісімшартқа отырған. Мекеме зертханадан өткізілген судың қорытындыларын үнемі қаперге алып отырады. -Ауыз судың сапасында ешқандай кемшілік жоқ. Қазіргі таңда зауыттан тәулігіне 7-8 мың текше метр аралығында су алып отырмыз. Кәсіпорнымыз Мұнайлы ауданын ауыз сумен толықтай қамтамасыз етеді. Ауылдардың әрқайсысында сыйымдылығы екі мың текше метрдің үстінде, аудан бойынша барлығы 17300 текше метр ауыз су сақтайтын резервуарларымыз бар. Маңғыстау ауылы мен оның кварталдары, Жаңа-Дәулет, Дәулет, Баянды-1, Баянды-2 елді мекендері ауыз сумен құбыр арқылы қамтылады. Қалғандарына автокөліктермен тасымалданып беріледі.
Қазіргі таңда Батыр, Атамекен, Баянды елді мекендеріне ауыз су құбырлары тартылып жатыр. Олар осы жылдың қыркүйек айына дейін іске қосылады деп жоспарлануда. Біздің жаз айларына қарай тәулігіне 10 мың текше метрге дейін су қабылдап алу ойымызда бар,-дейді «Маңғыстау-Жылу» МКК басшысы.
Біздің тілшілеріміз ауыз судың сапасы жөнінде ақпаратты әбден нақтылап алмақ ниетпен жоғарыда аты аталған «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалы, Мұнайлы аудандық бөлімшесінің басшысы Қабидолла Жаңабергеновке де хабарласқан болатын. - Біз екі бағытта жұмыс жасаймыз. Біреуі ақылы түрде, біреуі мемлекеттік тапсырыспен. Мысалы, жеке адамдар немесе өндірістік мекемелер өздеріне керек жағдайда арыз беріп, суын, жылуын, жарығын, шуылын, электромагниттік өрісін, радиологиясын т.б. тексертеді. Бұл ақылы түрде жүзеге асырылады. Ал, мемлекеттік тапсырыс арнайы белгіленген кесте бойынша іске асады. Мысалы, мектеп, балабақшалардан, су сорғыш бекеттерінен әкелінетін сулар апта сайын жіті тексеріледі. Биылдың өзінде бізге 182 сынама келді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жыл сайын 450-500-ге жуық, ақылы қызметпен 300-350-ге жақын сынама келеді. Қоса есептегенде бір жылда 800-ден астам сынама алынады.
Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер бойынша химиялық зертханаға түскен ауыз су 13 көрсеткіш бойынша тексеруден өтеді. Оның ішінде еркін хлор, сілті (щелоч), кальций, жалпы кермектігі, хлоридтер мен сульфаттар, аммиак, нитрит, нитрат азоттары, судың иісі, дәмі, түстілігі, лайлылығы т.б. зерттеледі. Ал, бактериологиялық зертханада судағы микробтық бөлшектер анықталады.
Бізге «Каспий» су тұщыту зауытынан шыққан су «Маңғыстау-Жылу» мекемесі арқылы келеді. Олар суды апта сайын тексертіп отыр. Судың органолептикалық қасиеттері мысалы, түсі мен лайлылығы КФК аппаратымен, құрғақ қалдықтар кептіргішпен (сушилка), сульфаттар отқұндақты пешпен (муфельная печь) тексеріледі. Сондай-ақ, судағы жалпы микробтар саны, жалпы калиформды бактериялар, термотолерантты калиформды бактериялар қаралады. №209 бұйрық бойынша судағы жалпы микробтар саны 50-ден аспау керек. Ал, жалпы калиформды бактериялар, термотолерантты калиформды бактериялар болмауы тиіс.
Жалпы, Мұнайлы ауданындағы судың бактериялогиялық, химиялық көрсеткіштерінде ешқандай кілтипан жоқ. Су көрсеткіштері санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға (СанПин) сәйкес келіп тұр,-дейді Қабидолла Жаңабергенов.
Біз сапар соңында бүкіл технологиялық процесстерді жүзеге асырып отырған кезекші инженер Салтанат Дүйсемалиевамен тілдескен едік. Салтанат компьютерден жұмыс ретін қарап, қай жерде не істеу керектігін айтып отырады екен. –Зауытта төрт резервуарымыз бар. Оның біріншісі теңіз суының резервуары деп аталады. Оның көлемі 500 текше метр. Бірақ біздер сағатына 1000 текше метрден артық су аламыз. Солардың барлығында су деңгейін тексеріп отыруым шарт. Себебі, тасып кетпеу керек. Су мөлшері азайып кетсе де болмайды. Егер су өз мөлшерінен кеміп кетсе, сорғыштар (насос) тоқтап қалады. Тасып кетсе, су далаға кетеді немесе резервуар жарылып кетуі ғажап емес. Соның барлығын дұрыс бақылау ләзім. Судың құрамын да қадағалаймын. Яғни, тұтынушыларға кететін судың құрамында кальций қанша, хлоры қанша екендігін біліп отыру шарт. Мысалы, ауыз судың сутек көрсеткіші 6 мен 9 аралығында болу керек. Алтыдан аз, тоғыздан көп болмауы тиіс-дейді кезекші инженер.
Біз бас сұққан бөлме зауыттағы ең соңғы нүкте екен. Одан әрі ауыз су құбыр арқылы тұтынушыларға аттанады. Мәселен, біз барған кезде Қарақия ауданына сағатына 75 текше метрдей су кетіп жатты. Ал мұнайлылықтарға әр түрлі. Сағатына 150 текше метр, кейде 200 текше метр су жөнелтіледі. Яғни, судың жіберілуі сұранысқа байланысты.
Су-тіршілік көзі, өмір нәрі. Ал сапалы су-Сіз бен Біздің денсаулығымыз, келешегіміздің кепілі. Біз су тұщыту зауытынан шығып бара жатқанда аумағы атшаптырым мекеме-су патшасы Сүлейменнің Ордасындай, бауырынан өрбіген құбырлар біз әлі жете қоймаған ауылдарға қол бұлғап аттанып бара жатты. Әрқайсысында қанатты қарлығаштай су, тамаша музадай тамшылар бар...
СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОЙЫЛДЫ
Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаевтың айтуынша, аудан бойынша 17300 текше метр ауыз су сақтайтын резервуарлар, 43,9 метр магистральді және 111,25 метр ауылішілік ауыз су құбырлары бар. Аудан 2014 жылға дейін ауыз суды «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нен алып отырған. Ол кезде тәулігіне 3-3,5 мың текше метр су тұрғындарға жеткіліксіз болды. Әсіресе, су тапшылығы жаз айларында қатты сезілетін. Көп жылдар жұмысы тұралап қалған «Каспий» су тұщыту зауыты 2014 жылы қайта іске қосылғаннан кейін ауданымызда су жетіспеушілігі мәселесі шешіле бастады.
Бүгінгі таңда тұрғындарға қыс айларында 6-7 мың текше метр, жаз мезгілдерінде 8-9 мың текше метр ауыз су жіберіледі. Апаттық жағдай орын алған жайдайда аудан тұрғындарын үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Мұнайлы ауданына келетін құбырлар «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ға, «Каспий» су тұщыту зауытына да жалғанған. Бұл біреуінің жұмысы тоқтап қалған жағдайда екіншісінен су алуға мүмкіндік береді.
Аудан халқын 2020 жылға дейін құбыр арқылы ауыз сумен қамтамасыз еткен жағдайда нормаға сәйкес тәулігіне 17468 текше метр, 1 жылға 6 288 488 текше метр су қажет етіледі. Бүгінде аудан тұрғындарының 18%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып отыр.
Қазіргі таңда аудан бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен төмендегі нысандардың құрылысы жалғасып, осы жылдың аяғында тапсырылады. Атап айтсақ, Маңғыстау кварталдарында орналасқан тұрғын үй массивін сумен жабдықтау құрылысы аяқталуда; Мұнайлы ауданы, Батыр ауылдық округінің ауыз су құбырларының құрылысы биыл аяқталатын болады; Мұнайлы ауданы, Баянды-3 тұрғын үй массивін сумен жабдықтау желілері 2017 жылы аяқталады; Мұнайлы ауданы, Атамекен ауылдық округін сумен жабдықтау желілерін салудың құрылыс нысаны 2017 жылдың қыркүйек айында аяқталады.
Сөз соңы
Үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Басқұдық ауылын сумен жабдықтау желілерін салуға 743,0 млн.теңге, Маңғыстау-4 тұрғын массивін сумен қамту желілерінің құрылысына 262,7 млн.теңгеге құрылыс жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталмақ. Бүгінгі таңда осы екі нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде.
Бұл нысандар толығымен іске қосылған жағдайда 2018 жылдың соңында аудан тұрғындарының 73,7 пайызы ауыз сумен құбыр арқылы қамтамасыз етілетін болады. Одан өзге, жалпы сметалық құны 2 201,992 млн.теңгені құрайтын «Қызылтөбе ауылдық округін сумен жабдықтау желілерін салу» жұмыстарына ЖСҚ жасақталып, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсыныс берілді. Нысан 2018 жылдың қаржыландыру жоспарына енгізілді.
Сонымен қатар Маңғыстау-3, Маңғыстау-5 тұрғын массивтерінің ауыз су құбырларының құрылысын салу үшін жобалық сметалық құжаттама жасақталуда. Аталған жобаның сараптамалық қорытындысы 2017 жылдың II жартыжылдығында алынып, қаржыландыруға ұсынылады.
Аталған жобалар 2020 жылға дейін іске асырылып, Мұнайлы ауданының тұрғындары орталықтандырылған құбыр арқылы ауыз сумен 100% қамтамасыз етілетін болады.