Сәуірдің 20-на дейін Мұнайлы ауданында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы жүреді. Шара айдың 10-да басталды.
Мақсаты - көшедегі, басқа да қоғамдық орындардағы тиісті құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыс пен құқықбұзушылықты болдырмау және алдын алу. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
- Жедел-профилактикалық жұмыстың бірінші күнінде 126 әкімшілік құқық бұзушылық факті анықталды. Оның 41-і Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 593-бабы, яғни маршруттық көлiк құралдарын тоқтату, тұрғын аймақтарда жүру, жолаушыларды және жүктердi тасымалдау қағидаларын сақтамау және жол жүрiсiнiң қағидаларын басқа да өрескел бұзу бойынша болды. Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды немесе радиостанцияны пайдалануы мен белгіленген жүру жылдамдығын арттыру құқық бұзушылықтары да көп кездесті,-дейді аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Қалдымұрат Айғарақов.
ЖПҚ басшысының мәліметінше, бірінші күні сондай-ақ ішкі істер бөлімінде түрлі санаттар бойынша профилактикалық тіркеуде тұрған 119 тұлғаның мекен-жайы бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, 31 адам фотобейне есебіне алынған. Екінші күн қорытындысы бойынша 235 әкімшілік хаттама толтырылған.
Шахида Жұман