Ақтау қаласындағы облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Ақтөбеден жүлдемен оралды. Бұл жолы спортшылар жекпе-жектен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында топ жарып, 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медальдарды қанжығалап, аймақ мерейін асқақтатты.
Ақтөбе қаласында ерлер мен әйелдер арасында жекпе-жектен өткен Ел чемпионатына барлығы 250 спортшы қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасынан маңғыстаулық спортшылар 55 келі салмақта Адайбек Құлмағамбет (16-17 жас аралығында), 55 келі салмақта Бексұлтан Саламатұлы (12-13 жас аралығында), 65 келі салмақта Ақдана Алиева (16-17 жас аралығында) алтыннан алқа тағып, Ел чемпионы атанды. Одан бөлек, 42 келі салмақта Мерей Қали (16-17 жас аралығында), 70 келі салмақта Аслан Қуанышқалиев (16-17 жас аралығында) және 65 келі салмақта Ернар Маңғыбай (14-15 жас аралығында) күміс медальға ие болды. Қола медальді 42 келі салмақта Михаил Борисов (12-13 жас аралығында), абсолютті салмақта Әділет Мұңайтбасов (16-17 жас аралығында), 50 келі салмақта Нұрлыбек Қайратов (16-17 жас аралығында), 50 келі салмақта Дәурен Сағынбек (16-17 жас аралығында) қанағат тұтты.
- Жарысқа 14 спортшыны апардым, оның 10-ы жүлделі орыннан көрінді. Бұл-үлкен жетістік. Аймақ намысын абыроймен қорғап, түбекке жүлдемен оралған спортшыларымызды енді мамыр айында Тәжікстанда өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр. Дүбірлі додадан да жеңіспен ораламыз деген үміттемін. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасына және спорт мектебіміздің басшысы М. Бисекеновке алғысымызды білдіреміз,-дейді облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жекпе-жектен бапкері Рафик Эйвазов.
Венера МИРЛАН