Дүниежүзілік денсаулық күнініне орай, Қарақия ауданында Салауатты өмір салты аудандық филиалының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Депрессия, кел сөйлесейік!» атты спорттық шара өткізілді.
Кәсіптік-техникалық оқу орнында білім алушы студенттерге қандай да жағдайда кездесетін күйзелістің алдын алу, яғни болмас нәрсеге ашуланып өзіне-өзі қол жұмсаудан сақтануға ақыл-кеңес беру, сонымен қатар оларды болашақта қиындықтарға мойымай, тек алға ұмтылып, тура жол таңдауға дайындау мақсатындағы спорттық шара қызықты әрі тартысты өтті. Шараға кәсіптік колледж қабырғасынан білім алып жүрген 1 курс студенттері, салауатты өмір салты аудандық филиалының меңгерушісінің міндетін атқарушы А.Қияқова, социолог Г.Сандыбаева, аудандық емхана психологы Г.Мамаева, медбике Ә. Тәжік, А. Жарылғапова, Қарақия кәсіптік колледжінің тәрбие жөніндегі орынбасары Е.Кенкараев және колледж медбикесі А.Бітімалиевалар қатысты. Ақ халаттылар мен студенттердің спорттық шарасында медбике Ә.Тәжік, А. Жарылғаповалар «Жарқын» болашақ ұранымен флешмоб биін билетсе, Г. Сандыбаева ақ қағазға «Тоқта Депрессия» сөзіне хэштег өткізіп, сайысқа қатысушыларды бір серпілтіп тастады. Ереже бойынша сайыс арқан тартысу, арқан арқылы биікке өрмелеу, доппен жүгіріп кедергілерден өту сияқты үш кезеңмен өтті.
Тартысты жағдайда өткен сайыстар нәтижесінде, «Алау», «Жігер», «Намыс» командалары алғашқы үш орынды жеңіп, кубок, дипломдармен марапатталды. Шара соңында А.Қияқова колледж медбикесі А. Бітімалиеваға және тәрбие жөніндегі орынбасары Е. Кенкараевқа шараның қызықты өтуіне үлестерін қосқаны үшін алғысын білдірді. Келесі күні спорттық шара медициналық қызметкерлер арасында эстафетамен жалғасты. Оған Қарақия аудандық аурухана қызметкерлері қатысты. Әділқазылар алқасының төрелігімен эстафетаға белсенді қатысқан «Тарлан», «Денсаулық», «Дотс» топтары жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар дипломдармен, кубоктармен марапатталды.
Майра Қуанышбайқызы