С.Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайының мәжіліс залында аудандық жастар орталығының ұйымдастыруымен, мұражай әкімшілігінің қолдауымен "Әбіш және Маңғыстау" тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Әбіш Кекілбаевтың жаратылысы - қазақ елінің жанымен егіз ерен құбылыс. Болмыс бітімі, кескін келбеті, парасат пайымы туған жері, өзі ашық аспан астындағы мұражай деп бағалаған Маңғыстауының табиғатынынан айнымайтыны да тек өзіне тән, осы топырақтан түлеген талай талант бар болғанымен бұл теңеуді басқаға телій алмайтынымыз да ақиқат. Кемелдік пен кеңдіктің жазирасын кеудесіне сыйдырып, биіктік пен біліктің асқарын арқалаған, ғұлама ой мен шешен сөздің теңізін көкірегіне тұндырған тау тұлғаның жерлесі болу да біле білген адамға мың ғанибет.
Мырзайырда туып, өзіміз күнде тілдесіп жүрген балалық шағы соғыспен тұспа тұс келген ағаларымыз сынды қиын күндердің зардабын тартқан қара бала топты жарар шешенге, рухани әлеміміздің көшін бастар көсемге, кемел суреткерге, көрікті қаламгерге, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткеріне, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері кәдімгі ел білетін Әбіш Кекілбаевқа айналғалы қашан... Ал бүгін халқының сағынышына айналды... Алыстаған сайын биіктей түскен тау тұлғаның әлемін келер ұрпаққа таныту мақсатында өткен басқасуда Әбіш Кекілбаевтың сыныптасы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Алдаберген Құрмашев, аудандық орталық кітапхана меңгреушісі Гүлжәмила Қасымова, С.Қондыбай атындағы облыстық мемориалдық мұражай директоры, Серікболтанушы Рима Бердиева, Шетпе лицейінің директоры тіл маманы - драматург, режиссер Қанзия Бөбетай және студенттер мен оқушылар қатысты.
Басқосуда алғаш сөз алған А.Құрмашев: «Әбіш бала кезінен ақ әдебиетке құмар болып өсті. Екеуміз Үштағандағы мектепте бірге оқыдық, сырлас дос болдық. Ол кітапқа оның ішінде шетел әдебиетіне жаны қатты құмар еді. Мен математикаға, ол әдебиетке жақсы болды. Орыс тілінде өте сауатты жазатын Әбіштің жазуы да ойлау қабілеті де айрықша еді. Сосын оның есте сақтау қабілеті мықты, бір көрген затын немесе естіген нәрсесін мүлдем ұмытпайтын ды. Ол осындай қабілеттерімен бала кезінен ақ ерекшеленетін еді»,-деп қара көжені талғажу еткен бала күндерінің естеліктерін ерекше тебіреніспен айтып өтті.
Г.Қасымова Ә.Кекілбаевтың шығармаларындағы туған жер тақырыбы туралы, Р.Бердиева «Әбіш және Серікбол» және Қ.Бөбетай «Әбіш Кекілбаев шығармашылығындағы стилистика» тақырыбында баяндамалар оқыды. Жастар аға буын өкілдеріне сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді және жас ақындар Балзия Тінәлі мен Мейрамбек Ордабеков өздерінің Әбіш аталарына арнауларын оқып, жүрек жарды тілектерін жеткізді.
Шара соңында Ә.Кекілбаев туралы жазушы Сұлтан Оразалының арнайы дайындалған деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды.
Лаура ӘБДІБЕКҚЫЗЫ