©
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жатақхана меңгерушісі Нана Келехсаева ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты тамызда өтетін тойына шақырды, деп хабарлайды Informburo.kz.
– Мен қазір интернат меңгерушісімін. Интернатта ауылдық жерлерден келген 132 оқушы бар, олардың бәрі талантты, – деді ол өз сөзінде.
Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы мектеп талантты жастарға арнап салынғанын атап өтті.
– Біз 21 ғасырға көш бастайтын ел элитасын құруымыз керек. Сол себепті зияткерлік мектептерге өте дарынды, талантты оқушыларды тамыр-таныссыз таңдап алып жатырмыз. Олар ертең үздік университетте білім алатын болады, – деді Елбасы.
Нана Келехсаева тойының жазда өтетінін айтып, Президентті салтанатты шараға шақырды.
– Жақында мен көпбалалы отбасыға келін болып түстім. Осы сәтті пайдалана отырып, Сізді өз тойыма шақырғым келеді. Бұл біз үшін үлкен мереке болар еді, – деді қалыңдық.
ҚР Президенті Н.Назарбаев тойдың нақты күнін сұрады, ал қалыңдық тамызда неке қию себебін үйленгелі жатқан жұптың атасының туған күнімен тұспа-тұс келуінен деп түсіндірді.
– Құттықтаймын! Атаңа сәлем айт! Бақытты бол, – деп тілек білдірді Елбасы.