Батыс Қазақстан бойынша алғаш рет Жаңаөзен қаласында дәке шығаратын цех ашылды.
Жиырма жылдан астам фармацевтика саласында еңбек етіп келе жатқан білікті маман, жеке кәсіпкер Фарида Жантілесова қазақстандық өнімді арттырып, ішкі нарыққа шығаруды көздеп отыр. Жаңа цехтың іске қосылуымен жергілікті төрт тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Олар «Жаңа серпін» бағдарламасы бойынша арнайы білім алды. Болашақта өнімге деген сұраныс артса, қызметкерлер санын тағы екі немесе төрт адамға көбейту қарастырылған. Цехтың ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев қатысты. Сапалы, стерильденген және стерильденбеген таңу материалдың 2 түрі 90 күннің ішінде сатылымға шығарылады.
Исахан САҒЫНБАЕВ, қала әкімінің орынбасары:
- Бұл өнімдердің Жаңаөзен қаласы тұрғындары үшін пайдасы зор. Жаңаөзенде бірнеше мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелері бар. Соларға қажетті дәке өнімдері осы цехтан берілетін болып жатыр. Цехтың көлемі үлкейіп, тұрғындарға көп көмегі тиеді деген үміттеміз. Әрі жұмыссыздық мәселесін шешуге көп үлес қосып жатыр. Цех күніне 6-8 сағат жұмыс істейді. Бір минутта 30-60 дана дәке орамдары дайындалады. Арнайы МНР 90 аппаратымен дәке оралады. Өлшеміне қарай кесіледі. Ми- нипак Ф құрылғысымен қапталып, стерильденеді.
Мақсат ЕГЕМБЕРДИЕВ, цехтың атқарушы директоры:
- Өлшемдері 5-ке 10, 7-ге 14, 5-ке 7, 7 метрге 7 сантиметр. Бағасы төмен болады. Себебі біз шикізат түрінде алып отырмыз. Мемлекеттің кәсіпкерге қолдауы көп, сондықтан көтерме бағасы төмен болады. Әзірше стерильденбеген бинттер шығарылды. Олар сараптамаға жіберіліп, Қазақстан Республикасының реестріне енгізіледі. Содан кейін ғана сатылымға шығарылады. Ал, алдағы уақытта Батыс Қазақстанды толығымен қамту жоспарланып отыр.
Жаңаөзен - Ақпарат