Наурыз мерекесіне орай облыс орталығында көркем гимнастикадан Ақтау қаласы әкімінің кубогі өтті. Жарысқа Ақтау мен Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданынан келген барлығы 100 гимнасшы қатысты.
- Гимнастикадан Ақтау қаласы әкімінің кубогі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсеке жекелей және топтық жаттығу бойынша өтуде. Жарыстың мақсаты - аймақта көркем гимнастиканы дамыту, жас гимнастшылардың спорттық шеберлігін шыңдау. Көркем гимнастикада толқынды, серіппелі қозғалыс, иіліп, бұралу, денені тік ұстау, би өнеріне тән жүріс, жүгіріс, секіру басым келеді. Жарысқа қатысушылар да осы үдеден шығып, жақсы өнер көрсетті. Жыл басында біз гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның бес дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, Лондон Олимпиадасының қатысушысы, астаналық Анна Алябьева өңірге арнайы шақырып, гимнасшыларға арналған екі апталық шеберлік сабағын ұйымдастырдық. Қаңтар айында гимнасшы қыздарымыз алғаш рет Мәскеуде өткен халықаралық турнирге қатысып, тәжірибие жинақтап келді. Өкінішке орай, қыздарымыз жүлделі орыннан көрінген жоқ. Бірақ жаңа бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдады. Енді тамыз айында облыс орталығында «Шағала» атты халықаралық турнир ұйымдастырмақшымыз, - дейді облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті Бибігүл Төлегенова.
Жарысқа қатысушы 5 пен 14 жас аралығындағы гимнасшылар музыка сазымен лента, доп, шеңбер арқылы гимнастикалық жаттығулар жасап, өнерлерін көрсетті.
- Гимнастикаға үш жылдан бері қатысамын. Ресейлік гимнасшы, Рио-де-Жанейрода Олимпиадасының күміс жүлдегері, үш дүркін Әлем чемпионы Яна Кудрявцева сияқты танымал гимнасшы болғым келетіндіктен гимнастика залына өз қалауыммен келдім. Янаның әлеуметтік желідегі парақшасын үнемі қарап, өміріндегі жаңалықтарымен, жетістіктерімен танысып отырамын. Мен де сондай биік белестерді бағындырғым келеді. Гимнастикаға қатысқан үш жылдың ішінде Алматы, Петропавл, Қызылорда, Атырау қаласында өткен жарыстардан жүлделі орындарды иелендім, - дейді «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің он жасар гимнасшысы Ақнұр Жұманбай.
5 сағатқа созылған жарыстың қорытындысында 2003 жылы туған гимнасшылар арасында Карина Бушуева, 2004 жылғылар арасында Мадина Шабанова («Динамо» спорт мектебі), 2005 жылғылар арасында Ұлжан Әбдірахман (Мұнайлы ауданы), 2006 жылғылар арасында Жұлдыз Бекбулатова, 2007 жылғылар арасында Жансая Жанбуршина («Жастар» БЖСМ), 2008 жылғылар арасында Фатиха Делмұхамбетова («Динамо» спорт мектебі), Анара Бактугулова («Жастар» БЖСМ), 2009 жылғылар арасында Айкүн Қырықмылтық («Жастар» БЖСМ), 2010 жылғылар арасында Аққуым Манарбекқызы («Жастар» БЖСМ), 2011 жылғылар арасында Жамила Такенова («Жастар» БЖСМ), 2012 жылғылар арасында Арина Демидова («Динамо» спорт мектебі) жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты.
- Бүгінгі жарыста жүлделі орынды иеленгеніме өте қуаныштымын. Болашақта биік белестерді бағындырып, көркем гимнастика өнерінің хас шебері, еліміздің мақтанышы Әлия Юсупованың жетістіктерін қайталағым келеді, - дейді Аққуым Манарбекқызы.
Айта кету керек бүгінде өңірде 1200 қыз бала көркем гимнастикамен айналысады. Оларға білікті алты бапкер дәріс береді.
Венера МИРЛАН