©
Маңғыстау ауданы, Онды аулы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Күнімкүл Саржанованың ұйымдастыруымен осы ауылдың тумасы, ақын-журналист Гүлнәр Науыршаның шығармашылығына арналған «Сағыныш саздары» әдеби-сазды кеші өтті.
Кешке ақынның бір топ жолдастары мен мектеп оқушылары, ауыл тұрғындары қатысып, көркем сөз оқу шебері, аудандық, облыстық, республикалық байқаулар жүлдегері, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің студенті Арғын Қосай жүргізді.
Маңғыстау ауданының түлектері, бүгінде өлкеге танымал өнерпаздар Ниязтұрлы Бектұров, Марат Ордабаев, Самат Шауқаров, Мейрамгүл Шоғықызы мәдени шараға атсалысып, өнер көрсетті. Мектептің 10-сынып оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, Гүлнәр Науыршаның сөзіне жазылған әндер шырқалды.
Әдеби-сазды кеште қатар-құрбылары Әліпбай Қайырмағамбетов, Орнынша Жүсіпова, мәдениет үйінің басшысы Құндыз Бердібекова, мектеп директоры Тоғжан Бисекенова, Темірәлі Аманғалиев, кітапханашы қараша Ізбаева ақынға арналған жылы лебіздерін білдіріп, кеш иесінің иығына камзол жапса, ауыл әкімінің бас маманы Есей Манашов «Алғыс хатпен» марапаттады.
Кешке қатысқан жазушы, сықақшы, сазгер, ақын Ерекен Қорабаев әріптесі туралы өз пікірін білдіріп:
- Гүлнар Науырша мен өзім хат танып баспасөз жағалай бастағанымда, танымал журналист қатарында еді. Ол кезде таңдап жүріп оқитын газеттер саны онша көп емес, мен оның сиясы кеппеген шығармаларын аудандық «Жаңа өмір» газетінен жиі көретінмін. Шағын әңгіме, новеллалары, еңбек адамдары туралы мақалалары осы газетке шығып, біздің өлкеге танымал ақындардың бірі болып беделі ерте өсті.
Мен Гүлнарды алғаш, жаңылыспасам 90-жылдардың басында Шайырда өткен жеті қайқының бірі Медет Жылкелдінің мерей тойында көрдім. Ән додасына жан-жақтан келген әншілермен қатар баспасөз өкілдерінің бірі талдырмаш қызды маған бір танысым «Гүлнар Науыршаева деген ақын қыз осы» деп, көрсетті. Ол кезде ол Маңғыстау радиосында тілші екен, белгілі журналист Бірғали Байекеевтен сұхбат алып отырған сәті әлі көз алдымда.
Кейін өзім қалаға көшіп келген соң арагідік ұшырасып, жақын танысып, аралас-құралас болып кеттік. Қолымыз тисе кездесіп, тимей жатырса, телефон арқылы ойларымызбен бөлісеміз. Мазасыздау тілшілік қызметте еркін көсіліп әңгіме айтып отыруға сірә, мұрса жоқ.
Таяу күндердің бірінде Гүлнар маған телефон шалып, өзінің туған ауылы Онды ауылының адамдарының шақыруымен әдеби кешін өткізгелі жатқандығын айтып, бірге барып қайтуға қолқа салған-ды.
Соның арқасында дәм айдап Ондыға келдік. Елдің поэзияға сусап қалғанын көрдік, әсіресе өлең оқыған ауыл жастарын көріп бір марқайып қалдым. Қазақтың сөз өнерінің өміршеңдігіне, сөз иесі өз ауылынан шыққан ақын қыздары Гүлнар Науыршаға жасалып жатқан құрметті көргенде тағы бір көзім жетті,-деді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ