©
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, 21 наурыз күні Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов іссапармен Жаңаөзен қаласына келді. Бұл - өңір басшысының мұнайлы қалаға алғаш келуі. Қаланың әлеуметтік даму қарқынымен танысу үшін арнайы атбасын бұрған облыс әкімі мен облыстың сала басшыларын қала әкімі Елубай Әбілов, жаңаөзендік ақсақалдар күтіп алды.
Ералы Лұқпанұлы «Жаңаөзен» стелласында ағаш егу рәсіміне қатысқан соң, «ҚазГазӨңдеуЗауыты» ЖШС қызметімен танысты. Жылына 160 мың тонна газ шығаруға мүмкіндігі бар зауытты аралап, облыс әкімі зауыт басшысы Карим Нагмановпен тілдесті. Зауыт 20 ғасырда салынған, қазіргі таңда қайта модернизациялап құруды қажет етеді. Аталған зауытта 1045 адам еңбек етеді.
Мұнан кейін облыс әкімі бастаған делегация «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның Мұнай дайындау және өндірістік қызмет көрсету басқармасында, бүгінде құрылысы аяқталып, бірақ толықтай бітпеген 50 орындық стационары бар медициналық орталықта, «Жанарыс» ЖШС –нде болып, қызметкерлерімен кездесті. Содан кейін облыс әкімі Е. Тоғжанов «Мұнайшы» мәдениет үйінде өткен Наурыз мерекесіне қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, екі бүлдіршіннің тұсауын кесті. Түстен кейін Ералы Лұқпанұлы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын аралап, қала әкімдігінде барлық сала бойынша қала мен облыстың басшылары қатысқан кеңейтілген жиын өткізді. Жиын барысында әр сала бойынша кейбір жұмыстарды сынға алып, басшыларға қатаң тапсырма берді. Аймақ басшысының Жаңаөзенге іссапары туралы толық ақпаратты «Жаңаөзен» газетінің келесі санында жариялайтын боламыз.
Гүлсім ОСПАН