Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов танысу сапарын Маңғыстау ауданынан бастады. Аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы сапар барысында орынбасарларымен, облыстық басқарма басшыларымен бірге аудандағы бірқатар тарихи- мәдени, өндірістік, әлеуметтік маңыздағы нысандарды аралап, жұмысымен танысты.
Алдымен, аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы Адай ата кесенесіне бет алып, ата-бабалар рухына құран бағыштады. Бірлік пен бейбітшіліктің киелі мекеніне айналған Отпан таудағы «Ақсарай» мұражайын аралап, түбектің арғы- бергі тарихымен, құнды жәдігерлермен танысты. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев «Адай ата – Отпан тау» тарихи- мәдени кешенінде салынатын нысандардың эскиздік жобасымен таныстырды. Атап айтсақ, таудың етегіндегі «Қарашаңырақ» нысанының алдына «Үш би» мүсінін орнату, сол маңға спорт кешені мен көлік тұрағын салу, Адай ата кесенесіне көтерілетін 362 баспалдықтың бойына әртүрлі аңдардың мүсінін қою және тағы да басқа құрылыстар жүргізу жоспарланғанын жеткізді.
– Келесі жылы облыстың қарашаңырағы Маңғыстау ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Мерейлі мереке қарсаңында аудан тұрғындарына тарту ретінде 1 нысанның құрылысын аяқтап, ел игілігіне тапсыруға жұмыстануымыз керек. Сондай-ақ облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Звира Есбергеноваға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мәңгілік ел» идеясының аясында тұжырымдама жасақтауды тапсырамын,– деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Облыс әкімі бастаған топ «Үдемелі индустриялық- инновациялық даму» бағдарламасының алғашқы бес жылдығында бой көтерген «Каспийцемент» зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Аталмыш өндіріс орнында жаңа әдіспен, саз, құм, темір кені және гипс қоспалары арқылы құрғақ жолмен цемент өндіріледі. Зауыттың бас директоры Юрий Александровичтің айтуынша, мұнда күніне 3 мың тонна цемент шығарылады. Сондай-ақ вахталық ауысыммен жұмыс жасайтын жұмысшылардың 60 пайызы жергілікті тұрғындар екенін, қызметкерлерге әлеуметтік пакет қарастырылғанын хабарлады.
Мұнан соң, аймақ басшысы Ералы Тоғжанов Маңғыстау ауданындағы өлкетанушы, географ, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайды аралады. Аталмыш мұражайдың директоры Рима Бердиева қазақ мифологиясы ілімінің негізін қалаушы ғалымның мол мұрасын, «Серікбол Қондыбай феномені», «Арғы қазақ мифологиясы» және «Ғаламның мифтік моделі» экспозициялық залдарын таныстырып өтті.
Облыс әкімінің аудан орталығындағы сапар аяқталғаннан кейін Шайыр ауылындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде осы ауылдың тумасы, кәсіпкер Самат Мұсабаевтың туған жеріне салып берген спорт кешенімен танысуға бет алды. Спорт ғимаратында бір уақытта 30-дай бала алаңсыз дзюдомен жаттыға алады.Мұнда үлкен зал, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер бар. Дзюдо залында жас спортшылар қонақтарға жаттығудан көрініс көрсетті.
Өңірімізде отандық өнімнің өрісі кеңейіп, өткен жылы Шайыр ауылында минералды су шығаратын зауыт іске қосылған-ды. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов осы зауыттың тыныс-тіршілігінен хабардар болды. Шайырдағы бұлақтан ағатын су зауыттың іргесіндегі арнайы ыдысқа жиналып, құрамы тастардан, құмдардан ультракүлгін сәулелерден ажыратылады. Тазартылған су оттегімен байытылып, құрал-жабдықтардың көмегімен сыйымдылығы әртүрлі пластикалық ыдыстарға құйылып, нарыққа жөнелтіледі. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов «Шетпе сулары ЛТД» ЖШС директоры Ерхат Мергенбаевқа«Шайыр суы», «Мөлдір су Шайырдан» маркасымен шығатын ауыз суды республиканың өзге өңірлеріне саттыққа шығару жөнінде тапсырма берді.Облыс əкімі Ералы Тоғжанов Шайыр ауылына сапары барысында дəрігерлік амбулаторияның жұмысымен де танысты.
Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы сапар соңында Жыңғылды халқын сумен қамту бағытында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. «Қара- ой құрылыс» ЖШС салып жатқан әрқайсысы 1000 текше метр болатын екі резервуар құрылысы аяқталғаннан кейін, үйді- үйге су тарайды.
Танысу сапарының қорытындысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов аудан әкімі Жармағанбет Айтуаровқа, облыстық басқарма басшыларына, аралаған нысандардың басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[caption id="attachment_21279" align="aligncenter" width="640"] =[/caption]