Жер жаһанды шуағына бөлеп, көктемгі күннің нұрын шашып Наурыз келді. Көне түркі елдерінің жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні деп, ел мен ел болып көрісіп, өткен-кеткендегі кінә мен айып жуылып, көңіл тазаратын әспетті мейрам бұл. Мерекеге орай "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" деп, хакім Абай жырламақшы, дәстүрін түрленткен "ӨзенМұнайГаз" АҚ-ы басқармалары бірігіп, 10 киіз үй шаңырағын көтеріп, ұлттық ойындар ойнатылып, ұлтық өнер насихатталған қазақи мейрамның түндігін ашты. Той деп домалаған көпшілікті "ҚазМұнайГаз" БӨ" бас директоры Құрманғазы Есқазиев құттықтап, ұлттық құндылығымыз - төл жаңа жылымызда барша қызметкерлерге, олардың жанұяларына амандық, елімізге тыныштық тіледі. Айтылған ақ тілекке "ӨзенМұнайГаз"АҚ бас директоры Дәулетжан Хасанов, Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбілов, "ӨзенМұнайГаз" АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Наурыз Сақтағанов қосылып, мерекеге жиылған жұртшылыққа шаттық-береке тілеп, "салт-дәстүріміздің ұмытылмауына, әдет-ғұрпымыздың азбауына" ағайын болып, ат салысуға шақырды. "ҚазМұнайГаз" БӨ" АҚ, қала әкімдігі тарапынан еңбекте үздік мұнайшыларға Құрмет грамотасы, алғыс хаттар табысталып, құрмет көрсетілді.
№1 және №3 МГӨБ еңбек ұжымдары ғасырмен қадам басқан өміршең салт-дәстүрімізден, әдет-ғұрпымыздан көріністер көрсетті. Үнемі жақсылықпен ұштасатын Наурыз мейрамының қадір-қасиетін арттырып, молшылық пен берекенің мейрамы – Ұлыстың Ұлы күніне арналған №3 МГӨБ ұжымы ұсынған «Наурыз-Көктем жасасын!» көрінісі сезімталдық пен лирикаға негізделсе, №1 МГӨБ айырылып қала жаздаған мерекемізбен ғасыр салып қауышқан тарихи сәтті көз алдымызға әкелді.
Көз майын тауысып әрлеп, құндыздан жаға, оқалы зер салып тіккен кәмшат бөрік, оюлы бешпент киген аруларымыз - ұлттық киім дефилесін көрсетті. Бірі көз тоймас көркімен, енді бірі сыйқырлы сылқымдығымен тартып, «КҚС» ЖШС-ы төртінші, «ТКБжҰҚК» мекемесі үшінші, «ӨзенЭнергоМұнай» басқармасы екінші және ат құлағында ойнап, көрерменін тәнті еткен «МӨҚжТҚЖБ» аруы бірінші орынды иеленіп, жеңіс төрінен көрінді.
16 мекеме қарайтын "ӨзенМұнайГаздың" көрікті арулары мен сымбатты жігіттері түрлі сайыстарға қатысып, мереке көрігін қыздырды. Осыған дейін әр мекеме Наурыз мейрамын жеке тойлап келсе, биылғы жылы жаңа дәстүрмен, біріге отырып, дүркіретуді мақұлдапты. "Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған" демекші, зіл көтеріп жеңімпаз атанған, арқан тартысып, асық атқан азаматтардың мейманасы асып, асығы алшасынан түсті. Атасын танымайтын күштің үлгісін арқан тартысып танытқан мекемелер арасында №2 МГӨБ төртінші, №3 МГӨБ үшінші, БЖБ екінші, №1 МГӨБ бірінші орындарды иеленіп, қазақ жігітіне тән қажырлылықтарын танытты. Зіл темірлерді де ойланбай көтеріп, Қажымұқанның ерлігін қайталаған зіл теміршілер А.Оңдағанов төртінші, Ә.Шамшиев үшінші, Ә.Әжіғалиев екінші, ал 53 рет көтерген С.Еңсепов лайықты бірінші орынға табан тіреді. Кеңес Одағы кезінде асық ойнаған азар деп, теріс айналдырған асық ату ойынының пайдасы туралы қазір зерттеу де, нақты ғылыми деректер де жеткілікті. Мергендікке, шымырлыққа баулитын асық ату ойынынан бірінші орынды №2 МГӨБ жұмыскері Жексенбай Нәдірбаев, екінші орынды СҚКБ жұмыскері Тұралбек Болысов, үшінші орынды БЖБ жұмыскері Бекжан Аманқұлов иеленді.
Ойын-той десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз ғой. Сол әдетінен бұл жолы да танбаған ағайын, қиқулап отырып, сайыскерлерге қуат, жеңіске ұмтылыс сыйлап отырды. №2 МГӨБ мекемесінде №3 мұнай-газ өндіру цехының еңбек жөнінде техник маманы Нұржамал Ербақы мерекелік кештен ерекше әсер алғанын айтады. - Амал мерекесі, Наурыз тойы құтты болсын! Осынау ұлттық дәстүріміздің ұлылығына, жарасымдылығы мен өміршеңдігіне қарап қуанып тұрмын. Қараңызшы, халқымыздың ұлттық киімдері қандай, киген жанның ажарын ашып, дидарын жарқыратқандай, - деп мерекеден алған ерекше әсерімен бөлісті. Ал, республикамызға танымал әншілер Ақылбек Жеменей, Тамара Асар, Абай Бегей және Тұрғанбай Жайлаубаев, Бейбіт Алдабергеннің, «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің, жергілікті өнер иелерінің құрақ құрышын қандырып, мерекелік көңіл-күйді еселеген өнерлері той көрігін қыздырды. Жыл бастауы дүркіреп енген Наурыздың өңірімізге құт, шаңырағымызға бақ дарытары анық. Соған пейіл етіп, ақ ниет көрсету – бабамыздан келе жатқан ежелгі салтымыз. Самарқанның көк тасы жібіп, алғашқы көкпен келген мейрамның қуанышы осындай, ағайын.
Жанайым Жарылқап
Суреттерді түсірген Қуаныш Текебаев