Жыл басынан бері Мұнайлы орталық аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесі 84 науқасқа ота жасап, ажал аузынан арашалап қалған. Жалпы бөлімшедегі 23 білікті маман 105 науқасқа көмек көрсеткен.
- Науқастардың 95%-на лабороскопиялық тәсілмен, ішті кеспей лазерлі ота қолданылды. Бұл соңғы техника. Ота жасалған науқастарда іштің көк етінің жыртылуы (грыжа), өт тасы ауруы көп кездеседі. Бұл дұрыс тамақтанбауға, ағзаның әлсіреуіне, физикалық күш түскенге байланысты. Жалпы 2016 жылы 350 науқасқа ота жасалған болатын. Бөлімше 2015 жылдың желтоқсан айында жұмысын бастады. Барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл бөлімше-халыққа хирургиялық көмектің қажеттігінен ашылды. Әзірге Маңғыстау облыстық ауруханасының екінші қабатында науқастарға көмек көрсетіп жатырмыз. Бөлімшеде 23 адам табысты еңбек етеді. Барлығы да білікті мамандар, - деген хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі дәрігер Талғат Қойланов облыстағы ең жас аудан саналатын Мұнайлыда халық санының өсуіне байланысты біраздан бері ауданға жаңа аурухана салу мәселесі көтеріліп жүргеніне тоқталды.
Жақында облысқа іс-сапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа мұнайлылық дәрігерлер де аудан халқының өсуіне байланысты жаңа аудандық орталық аурухананың қажеттігін айтқан болатын. 150 кереуетке есептелген аурухананың жоба құны-3,4 млрд.теңгені құрайды екен. Өз сөзінде Министр аурухана жобасының құжаттары дайын болғаннан кейін республикалық бюджеттен қаржыландыруға көмектесетінін жеткізді.
- Мұнайлы ауданынан ауруханамыз салынып, пайдалануға берілсе, осы құраммен жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Әзірге бізде науқастарға арналған 25 кереуетіміз бар. Мұнда мамандарымыз Мұнайлы ауданынан қатынап жұмыс істейді. Берік Айбасов, Нұркен Бисенов, Қаныш Сансызбаев сынды білікті дәрігерлер науқастарға ота жасап, дер кезінде көмек көрсетуде. Аудандағы хирург-дәрігерлерді де ота жасаған уақытта шақырып алып, шеберліктерін шыңдап отырамыз, - дейді хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі дәрігер Талғат Қойланов.
Мұнайлы орталық аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесінде лазерлі ота жасатқан науқастардың бірі-жетібайлық Алтынғали Налықов. Денсаулығы көптен бері сыр беріп жүрген науқасқа дәрігерлер шұғыл ота жасап, өлім аузынан құтқарып қалған.
- Екі айға жуық уақыт қатты ауырып жүрдім. Ауруым жаныма батқасын Жетібайдағы аудандық ауруханаға барып, дәрігерлерге көріндім. Мені осы дәрігерлерге жолдама беріп, жіберді. Өт жолының жұмысының бұзылуына байланысты ота жасаттым. Ота бір сағатқа созылды. Дәрігерлердің шипалы қолының арқасында денсаулығым біраз жақсарды. Қолдарынан келген барлық көмекті көрсетіп, ажалдан арашалап алған ақ халатты абзал жандарға айтар алғысым шексіз. Анттарына адалдығы мен ыстық ықыластары үшін, науқастарға жоғары дәрежеде көрсеткен кәсіби көмектері үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл ақ халатты абзал жандар әсіресе, Талғат Қойлановқа тіпті демалыс дегенді ұмытып, қаншама науқастың өміріне араша түсіп жүр. Мінезі биязы, кең пейілді медбикелердің өздері де алғысқа тұрарлық жандар. Өркендерің өссін айналайындар! Отбасыларың аман болып, еңбектеріңнің жемісін көріп, табысқа кенеліп, елдің ықыласына бөлене беріңіздер деген тілегімді айтамын, - дейді Алтынғали Налықов.
Венера МИРЛАН