«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында өткен «Денсаулық» сараптама комиссиясының кезекті отырысында Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлеріне көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Бүгінгі таңда өңірде 40 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 1000-ға жуық тыл ардагері тұрады. Оның ішінде жалғызбасты 5 ҰОС ардагері есепке алынған. Әлеуметтік қызметкерлер олардың барлығының үйлеріне барып, кестеге сай қызмет көрсетіп отырады. Сондай-ақ, үйлерінде қызмет көрсетілетін тыл ардагерлерінің саны - 88. Олардың 39-ы жалғызбасты болғандықтан әлеуметтік қызметкерлердің ерекше қамқорлығына алынған.
-Ардагерлер стационарлық емдерін тұрақты түрде алады. Жыл сайын алдын алу тексерулерінен өткізіледі, тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне сәйкес берілетін дәрі-дәрмектер беріледі,-дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева.
Сондай-ақ, комиссия отырысында К. Оралбаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жұмыстары жөнінде баяндама жасады.
-Облыста халықпен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының екі кезеңінде 189 кездесу өткізілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша 4705 медицина қызметкері оқытылды. Бұл жүргізілетін жұмыстардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - деген Клара Оралбаева Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектердің, зейнеткерлердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудару міндетінен босатылған азаматтардың санатына жататындығын жеткізді.
Айта кету керек, партияның аудандық және қалалық филиалдарының қызметкерлері ардагерлердің тізімдерін жаңарту, сауалнама парақтарын толтыру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Осылайша, әлеуметтік көмекке аса мұқтаж ардагерлер анықталып, есепке алынады.
Венера МИРЛАН