2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде сұранысқа ие кәсіптерге және кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту, несиелендіру арқылы кәсіпкерлікке жағдай жасау қолға алынғады. Сондай-ақ, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау арқылы еңбек нарығын дамытуды көздейтін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жанданады. Бұл жайында өңірге арнайы жұмыс сапарымен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтып берді.
-Бағдарламаның алғашқы бағыты аясында 2,5 жыл оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылып, бұл жерде бәрінен бұрын, мектепті аяқтаған соң оқу орнына түспеген жастар назарға алынады. Биыл техникалық және кәсіби оқуға 21 мыңнан астам жас қазақстандық ілігеді. Мемлекет, оқуға кететін шығындарды толық жауып, шәкіртақы төлейтін болады. Жол мен тұру қаражаты да өтеліп, техникалық және кәсіби білім беру нысандарында оқитындарға бір реттік ыстық ас беріледі. Одан бөлек, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары аясында кәсіби оқытуға арналған қысқа мерзімді курстар өткізіледі,-деген Тамара Дүйсенова алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін мобильді оқу орталықтары еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында ұйымдастырылатынын атап өтті.
Бағдарлама қатысушыларына несие де берілетін болады. Қаржы қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларда Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке, яғни 18 млн теңгеге дейін өскен және мерзімі 5 жылға дейін ұзартылған. Мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін беріледі. Жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында.
-Сонымен бірге, несие беру кезінде Аграрлық несиелік корпорациясы арқылы несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілді. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 85% және жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлерге 50% шамасында. Бағдарламаның үшінші бағытында жекелеген азаматтар санатын жұмысқа орналастыруда нақты қолдауды күшейту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды көтеру және еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту мақсаты тұр. Біз, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар тәрізді жастар мен әйелдер және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында сұранысқа ие құралдарды қолдануды жалғастыратын боламыз. Еңбек ресурстарын жұмылдыруды арттыру мақсатында, ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарды мемлекеттік қолдау межеленуде. Нақтырақ айтсақ, оларға жол мен жүк тасу шығындарын өтеуге арналған және бастапқы бейімдеу қаражаты беріледі,-деген Министр биыл 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу жоспарланғанын жеткізді.
Осы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға арналған бюджет қаржысы 85,3 млрд теңгені құраса, оның ішінде 2,2 млрд теңге Маңғыстау облысына бөлінген. Өңірде бағдарламаны жүзеге асыру аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 5,6 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.
-Жоғарыда айтып өткенімдей, жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Министрлік, ресми статистика мағлұматтарын арқау ете отырып, ауылдық елдімекендер бойынша осы санатқа жататын адамдар тізімін жасақтады. Сәйкес тізімді барлық өңірге жібердік. Ауылдық елдімекендер әкімдері қысқа уақыт аралығында олардың мәртебесін анықтау жөнінде жұмыс жүргізуі, яғни аталған адамдардың жұмыссыздар немесе өнімсіз жұмыспен қамтылғандар екенін бағамдауы керек. Әр азаматтың мәртебесін анықтау арқылы жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандарды белсенді жұмыспен қамту шараларына тартып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мемлекет жарна аударатын адамдар санын нақты анықтай аламыз,- дейді Тамара Дүйсенова.
Жиыннан кейін Министр «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында барып, Ақтау қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыстарымен танысты. Кездесу барысында «Е-халық» ақпараттық жүйесі мен «Жаңа серпін» өңірлік жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жасалған жұмыстар сараланды. Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова Мұнайлы ауданындағы жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарында болып, «Е-халық» ақпараттық жүйесін енгізуге дайындық шаралары бойынша Басқұдық ауылы әкімінің қызметімен танысты. Жұмыс сапарының қорытындысында Министр «Өркен» өңірлік бағдарламасы аясында тұрғызылған, жақын арада пайдалануға берілетін 500 орындық жатақхана құрылысымен танысып, оң бағасын берді.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.