Наурыз айынан бастап Маңғыстау облыстық ауруханасына қарасты санитарлық авиацияға 15 қоңырау келіп түскен. Одан бөлек, санитарлық авиация қызметі жыл басынан бері 2 рет ұшақта және 5 рет тікұшақта ұшырылым жасап, науқастарға қызмет көрсеткен. Бұл жайында Маңғыстау облыстық ауруханасына қарасты санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі Ғалия Джумағалиева мәлімдеді.
- Екі жүкті әйел облыстық перинатальдық орталыққа жеткізілді. Шетпе ауылының тағы бір тұрғыны қан көп жоғалтуына байланысты шұғыл түрде дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Үш шақырту өткір коронарлық синдром бойынша және үш шақырту миға қан жетпеуіне байланысты болды. 2015 және 2016 жылы туылған жаңаөзендік екі бала обылстық балалар ауруханасына жеткізілді. Екеуінің денесін түрлі дәрежелі термиялық күйік шалған. Сонымен қатар, сүйек-ми жарақаты бар екі айлық нәрестеге де жедел көмек көрсетілді. Біздің басты мақсатымыз-шалғайдағы ауыл тұрғындарының мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету және азаматтарға көрсетілетін жедел медициналық көмектің сапасын арттыру,-дейді Маңғыстау облыстық ауруханасына қарасты санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі Ғалия Джумағалиева.
Венера МИРЛАН