Тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мерекесін жылдағы дәстүрінен жаңылмай Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы да жоғары деңгейде атап өтті. Ұлыстың ұлы күніне орай аурухана қызметкерлері арасында «Наурызым-ұлттық айшығым» атаумен мерекелік сайыс ұйымдастырылды.
Ақ халатты абзал жандар бұл күні қазақтың ұлттық киімін киіп, өз өнерлерін ортаға салды. Әсем әннен шашу шашып, мың бұрала билеп, күмбірлете күй тартты. Осылайша, аурухана бөлімшелерінің қызметкерлері наурызға бір кісідей дайындалып, бірлігінің мықты екенін тағы бір дәлелдеді.
-Басты мақсат-әр облыстың өзіне тән ерекшеліктерін көрсету, салт-дәстүрін таныстыру, еліміздің жетістіктерін насихаттау. Сайысқа Қызылорда облысының атынан ересек балалар бөлімі, Қостанай облысының атынан жас нәрестелер бөлімі, Жамбыл облысының атынан жүйке-жүйе аурулары бөлімі, Атырау облысының атынан әкімшілік бөлімі, Маңғыстау облысының атынан жансақтау бөлімі, Солтүстік Қазақстан облысының атынан хирургия бөлімі, Батыс Қазақстан облысының атынан травма мен лор бөлімі, Шығыс Қазақстан облысының атынан қабылдау бөлімі, Оңтүстік Қазақстан облысының атынан лаборотория және ренгтен бөлімі қатысып отыр. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Сайысқа қатысуға белсенділік танытқан қызметкерлерге алғыс айтамын. Мереке құтты болсын, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Әр шаңырақтан береке, бірлік кетпесін,-деген Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры Кәмшат Тұрсынбекова бүгінгі таңда мекемеде 330 адам еңбек ететінін атап өтті.
Сайысқа қатысушылар үш аталым бойынша бақтарын сынады. Алдымен «Қазақстан-Ұлы дала елі» аталымында әрбір қатысушы ұжым өзі таңдаған өлке жайында таныстырып, сол аймақтың көрікті жерлерін, қазба байлықтарын, ерекшеліктерін әнге қосып, жырлады. «Өлке мақтаныштары» аталымдарында таңдаған облыстарынан шыққан ақын-жазушылар мен спорт саңлақтары, еңбек ерлері, соғыс ардагерлері жайында кеңірек әңгімелеп, сахналық көріністеріне басты тақырып етті. Шешуші кезеңде таңдаған өлкенің өзіне тән ерекшеліктерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ұстанымын көрсетіп, жиналғандарды жан-жақты ақпаратпен таныстырды.
Қазылар алқасының шешімімен барлық сыннан сүрінбей өтіп, көпшіліктің ықыласына бөленген Батыс Қазақстан облысын айшықтаған травма мен лор бөлімшелерінің қызметкерлері сайыстың бас жүлдесін қанжығалады. Атырау облысын дәріптеген әкімшілік бөлімі жүлделі бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Маңғыстау облысының атынан шыққан жансақтау бөлімі лайық деп танылды. Үшінші орын Жамбыл облысының салт-дәстүрін көрсеткен жүйке-жүйе аурулары бөлімінің қызметкерлеріне бұйырды.
Венера МИРЛАН