Ақтауда Сәттіғали есімді оқушы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған SMART-тақия ойлап тапты. Көзі көрмейтін жандар ерекше тақияны киіп, жолындағы кедергіден оңай өтіп кете алады. Бұл туралы БАҚ беттерінде жазыла бастаса да, бүгін тақияның авторымен кеңірек сөйлесіп, тақияны көзбен көрудің сәті туды.
[caption id="attachment_20671" align="aligncenter" width="640"] Сәттіғали ЖОЛДАСБАЙ[/caption]- Жазда атамның ауылына бардым. Сол кезде оның көзі қарауытып, көрмей бастағанын байқап, көңілім күпті боп жүрді. Бір қызығы, атам әркез басынан тақиясын тастамайды. Демалыстан оралған соң, робототехника үйірмесінен сабақ беретін Бақытжан (Бақытжан Мұхаммед,- ред) ағайға ойымды айттым, сөйтіп жобаны қолға алдық. Осы жазда атама барып, тақияны кигізсем деген арманым бар. Әрі бас киім, әрі бағыт-бағдар беруші, – дейді Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушысы Сәттіғали Жолдасбай.
Зағип жандар SMART-тақияны киген кезде, алдында тұрған кедергіні бірден біле алады. Яғни, 4 метрге дейін қашықтықта қабырға не жар тұрса, яки адам келе жатса, тақия алдына орнатылған екі тетік (датчик) кедергіні байқап, бірден құлақтағы аппаратқа вибрациялық дыбыс жөнелтеді. Сөйтіп оны киген адам кедергіден бұрылып өтіп, тоқтайды немесе бағытын өзгертеді. Келешекте қазақтың қарадомалақ баласы ойлап тапқан ұлттық нақыштағы тақия көп зағип жанның қолындағы таяғын алмастыруы мүмкін. Аппаратты кез келген тақияға орнатуға болады.
- Көрмеде Астана жұртшылығы жаңалықты жылы қабылдады. Алғашында өзіме сенімсіз болдым. Қала тұрғындары келіп, тақияны киіп көріп, қызықты. Зағип жандар тақияны киіп көріп, қуанып жатқанда, өзгеше бір сезімде болады екенсің. Қуанасың, әрі осы идея әрі қарай жалғасын тауып, бар аға-апаларымыз тақия кисе екен деп армандайсың, – дейді жас өнертапқыш.
Шынында, кез келген ғылыми жоба адам игілігі үшін жасалуы тиіс. Әрине, құрметке мұқтаж, зағип жандарға көмектесу, олардың өмір сүруіне қолайлы аппарат ойлап табу – үлкен жауапты, әрі сауапты іс. Енді Сәттіғали мен жоба жетекшісіне SMART-тақияны қарапайым жандарға кигізе отырып, тәжірибелер жүргізіп, кем-кетігін дұрыстау ғана қалды. Алдағы уақытта оқушының тақиясы қарапайым өмірде, қолданысқа еніп жатса, онда мақсаттың орындалғаны.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН