Тілінің мүкістігі де мүмкіндігі шектеулі жан екендігі де Гүлсім Сұлтановаға жұмысқа тұрып, тігіншілікпен айналысуына бөгет бола алмады. Өйткені туғалы тағдырдың теперішін көріп, қиындыққа әбден күйіп-піскен жан еді.
Гүлсім Батыр ауылының тұрғыны. Ол орта мектепті бітірген соң, денсаулығына байланысты жоғары оқу орнында оқи алмады. Есесіне үйде отырып, іс тігумен шұғылдана бастайды. 2016 жылы «Үнсіз әлем» жобасы аясында Астана қаласында 2 ай тігіншілік оқу-жұмысына барып, тігіншілікті толыққанды оқып, үйренеді. Сонымен қатар онда тамбурлы кесте тігетін машинамен жұмыс жасап машығады.
Қазір ол Ақтау қаласындағы «Ұрпақnext» жастар қоғамдық қорының төрайымы Гүлжанат Мұратбайдың арнайы ашқан тігін цехында еңбек етіп жүр.
«Қазір мүгедек жандарға мемлекет тарапынан көптеген көмектер көрсетіліп жатыр. Біздерге қолдау көрсетіп, қол үшын созып, оқуға жіберіп, жұмысқа тұруға көмектескен «Ұрпақnext» жастар қоғамдық қорының төрайымы Гүлжанат Мұратбайға алғысым шексіз. Сол кісіні арқасында адам қатарына қосылып, нық сеніммен жұмыс жасауыма, осындай деңгейге жетуіме мүмкіндік сыйлады. Қазір маған Айжан Жүсіпова одан әрмен үйренуіме көмектесуде. Халық қажетіне жарап, тапсырыстар қабылдап, күнделікті киімдер, ұлттық киімдер тігемін, моншақ салып, ою бастырамын»- дейді Гүлсім.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА